Үржар әуежайына қалыңдығы 17 сантиметрлік асфальт төселеді

26 Сәуір 2021, 18:01
3068
Бөлісу:
Үржар әуежайына қалыңдығы 17 сантиметрлік асфальт төселеді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Үржар әуежайын қайта жаңғырту барысында 100 мың шаршы метр аумаққа қалыңдығы 17 сантиметрлік асфальт жабыны төселеді.

Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділовтің айтуынша, аталмыш әуежайды жөндеу жұмыстары өткен жылдың қазан айынан бері жалғасып келеді. Жалпы сомасы 4,7 млрд теңгені құрайтын құрылыс сәтін салса биыл толықтай аяқталып, халық игілігіне жаратылады.

Қайта жаңғырту барысында аэровокзал ғимараты жөнделіп, жарықсигналды нысандар орнатылады. Сондай-ақ ұшу-қону жолағы ұзартылып, ені кеңейеді. Ұшу-қону жолағындағы ескі аэродром және басқа да құрылыстарды бұзу ғана 1-ден екі айға созылады. Жалпы қалыңдығы 17 сантиметр болатын үш қабатта төселетін асфальт жабынының өзіне үш айға жуық мерзім шығындалады, - дейді Нұржан Жұмәділов.

Оның айтуынша, бұл нысанда 17 мың шаршы метр аумаққа асфальт жабыны төселетін көрінеді. Қайта жаңғыртудан соң, аудандағы әуежай батыстық типтегі әуе кемелерін түнгі уақытта да қабылдай беретін болады.

Бұған дейін, жазғы туристік маусым қарсаңында қосымша ұшу-қону жолағын салу жайы да сөз болған еді. Алайда оның құны 5 млрд теңгеге шығып кететіндіктен, бар жолақты ұзартып, енін кеңейту жайлы шешім қабылданған.

Өзгелердің жаңалығы