ҰҚШҰ-ға төрағалық миссиясы: Қырғызстан қандай мәселелерге назар аудармақ

Бөлісу:
ҰҚШҰ-ға төрағалық миссиясы: Қырғызстан қандай мәселелерге назар аудармақ
Фото: Ақорда

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен ҰҚШҰ саммитінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ұйымға төрағалық жылында қандай мәселелерге назар аударатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Келесі жылы Қырғыз Республикасының ҰҚШҰ-ға төрағалық етуі біз үшін үлкен мәртебе. Мен осы құрметті миссияны қабылдауға дайын екенімді үлкен қуанышпен білдіремін. Қырғызстан төраға ретінде ұйымымыздың үдемелі дамуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті күш-жігерін салады, - деді Садыр Жапаров.

Ол ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қолдауымен еуразиялық кеңістікте қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде жетістіктерге жететінімізге сенім білдірді.

Қырғызстан басшысы 2025 жылы ынтымақтастықтың қандай бағыттарына назар аударуды жоспарлап отырғанын атады.

Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мәселелерінде ҰҚШҰ рөлін күшейту үшін өзара мүдделі салаларда халықаралық ұйымдармен және үшінші елдермен диалогты жалғастыруға ерекше көңіл бөлуге ниеттіміз. Біз халықаралық терроризмге қарсы күресте ТМД және ШЫҰ-ның тиісті құрылымдарымен ынтымақтастықты тереңдетуге жәрдемдесеміз. Сонымен қатар ұжымдық күштердің әзірлігін арттыру, нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру, жедел және жауынгерлік дайындық, сондай-ақ спорттық іс-шараларды өткізу арқылы әскери құрамды одан әрі дамытамыз Біз ҰҚШҰ бітімгершілік құрамдас бөлігін дамытуға бағытталған шараларды қабылдаймыз, - деді ол.

Сондай-ақ Жапаров қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге қарсы тұру саласында Қырғызстан ақпараттық технологияларды террористік және экстремистік мақсаттарда пайдаланудың алдын алу және жолын кесу мәселелері бойынша ынтымақтастықты белсенді түрде дамытатынын жеткізді.

Осы ретте Қырғызстан ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың өзектілігін ескере отырып, 2025 жылы киберқауіпсіздік бойынша халықаралық конференция өткізуді көздеп отыр. Садыр Жапаров оны жыл сайынғы іс-шараға айналдыруды ұсынды.

Бұған дейін 2025 жылы Қырғызстан ҰҚШҰ-ға төрағалық ететінін және ұйымның келесі отырысы келесі жылы төртінші тоқсанда өтетінін жаздық.

Өзгелердің жаңалығы