Ақтөбе, Baq.kz тілшісі. Ақтөбе облысының Алға ауданының тұрғындары 800 түп қарағай отырғызды. Шыбық еккендердің барлығы - Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтары.
Ақтөбе облысы Алға ауданының тұрғындары 1 мыңға жуық көшет отырғызды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Ауылым - алтын бесігім" жобасы аясында атқарылған шараға Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтары қатысты. Аманкелді ауылының маңынан арнайы жер бөлінген.
"Атамыз 20 жасқа толмаған шағында соғысқа аттанған. Бірнеше рет жараланып, кейін елге қайтқан. Атамның бейбіт өмір үшін көрсеткен ерлігін мақтан етемін. Ауылымыздың жанына тал егіп, баршамыз осы шараға бірдей атсалысып жатырмыз. Өте қуаныштымын. Еліміз әрқашан тыныш болсын, қан майданды, қиындықты көрген қарттарымыз санаулы. Дегенмен, олардың ерліктері мәңгі есімізде сақталады. Кейінгі ұрпаққа аталарының ерліктерін айтып, естеріне сақтату үшін осы көшеттерді отырғыздық",- деді ауыл тұрғыны.
Акцияға тыл ардагерлері де қатысты. Тұрғындар құрмет көрсетіп, тілектерін білдірді.
"Ауданымызда мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің алға қойған міндеттерін, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Ауылдарды көркейтуге қатысты да алға қойған мақсаттар көп. Кәсіпкерлік ауылдан басталу керек. Әсіресе, ауыл үшін, аудан үшін маңызы зор ауыл шаруашылығы саласы. Биыл мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін, қолдауын пайдалануымыз қажет. Ұлы Жеңіс күнінде жақсы бастама болды. Көгалдандыру жұмыстарына көп көңіл бөліну керек. Барша алғалықтар мен ардагерлерімізді мерекемен құттықтаймын", - деді Алға ауданының әкімі Нағымжан Алдияров.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Ауылым - алтын бесігім" жобасы ел бойынша алғаш Алға ауданының Аманкелді ауылында бастау алды. Жоба аясында мәдени - демалыс орталығы, "Ана мен бала" саябағы мен ескерткіш ашылды.