Сейсенбіде әлемдік нарықтағы акциялар аралас күйде саудаланды. Инвесторлар АҚШ-тың инвестициялық тартымдылығына күмәнмен қарап, АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда соғысы салдарынан алаңдаушылық білдіруде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Францияның CAC 40 индексі таңертеңгі саудада 0,8%-ға төмендеп, 7 225,85-ке жетті. Германияның DAX индексі 0,4%-ға құлдырап, 21 119,56-ны құрады. Ал Ұлыбританияның FTSE 100 индексі 0,2%-ға өсіп, 8 295,82-ге жетті.
АҚШ-тағы фьючерстік сауда көрсеткіштері біршама оң бағытта қозғалды: Dow Jones индексі 0,8%-ға артып, 38 647,00 болды, ал S&P 500 фьючерсі 0,9%-ға өсіп, 5 231,50-ге жетті.
Азия нарығында сауда сәл баяу өтті. Жапонияның Nikkei 225 индексі 0,2%-ға төмендеп, 34 220,60 деңгейінде жабылды. Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,1%-дан аз ғана төмендеп, 7 816,70 болды. Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 0,1%-ға жуық құлдырап, 2 486,64-ке жетті. Ал Гонконгтің Hang Seng индексі 0,8%-ға жуық өсіп, 21 562,32 болды. Қытайдың Shanghai Composite индексі де 0,3%-ға артып, 3 299,76 деңгейінде тіркелді.
АҚШ пен Қытай арасындағы тарифтік шиеленістер аймақтық нарықтарға кері әсер етіп отыр.
Азия елдерінде келіссөздер жүргізу қажеттілігі артып келеді. Алайда келісімді тиімді жағдайда жасау қиынға соғуы мүмкін. Қытай өз мүддесіне қайшы келісімдер арқылы АҚШ тарифтерін шешуге болмайтынын ескертті. Бұл геоэкономикалық текетірестің тереңдегенін көрсетеді, — дейді Mizuho Bank-тің Азия және Мұхит аймағы бойынша сарапшысы Тан Бун Хенг.
Дүйсенбіде Уолл-стриттегі құлдырауға Трамптың АҚШ Федералдық резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэллге жасаған шабуылы да әсер етті. Ол Пауэллдің жұмысын сынап, экономиканы ынталандыру үшін негізгі мөлшерлемені төмендетуді талап етті.
Сонымен қатар Трамп энергия мен азық-түлік бағаларының «едәуір төмен» екенін мәлімдеді.
Жұма күні Ақ үйдің жоғары лауазымды кеңесшісі әкімшілік Пауэллді қызметінен босату мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Бұл шешім Федералдық резервтің тәуелсіздігіне нұқсан келтіріп, жаһандық қаржы нарықтарында дүрбелең туғызуы мүмкін.
Ал мұнай бағасы өсті. АҚШ-тың WTI маркалы мұнайы 97 центке қымбаттап, бір баррелі 64,05 доллар болды. Brent маркалы халықаралық эталондық мұнай бағасы 1 доллар өсіп, 67,21 долларға жетті.