Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Үнсіз жанайқай: жасөспірімдер суициді неге көбейді?

Үнсіз жанайқай: жасөспірімдер суициді неге көбейді?

Жасөспірімдер арасындағы суицид – бұл тек медициналық емес, әлеуметтік, психологиялық, білім беру салаларының өзара біріккен, кешенді әрекетін қажет ететін өте күрделі мәселеге айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл мәселені шешудің ең тиімді жолы бар ма? Жасөспірімдерді суицидке не итермелейді? Қай жас "қауіпті"? Баласында өзгеріс байқаса, ата-ана не істеуі керек? Осы және өзге де сұрақтарға тақырыпты тереңінен зерттеп жүрген психолог Сымбат Әбдірахманова жауап берді.

Жалпы профилактика – әр балаға қолжетімді білім мен қамқорлық

Мәселені шешудің тиімді жолы, оның алдын алу, яғни профилактика. Әлемдік тәжірибеде дәлелденгендей, тиімді профилактика үш деңгейде жүзеге асырылуы тиіс.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, мектеп – жасөспірімдермен профилактикалық жұмыс жүргізуге ең қолайлы орта. Себебі олар күнінің көп бөлігін осы жерде өткізеді. Мектеп – тек білім ордасы емес, сонымен қатар олардың ішкі жан-дүниесіндегі өзгерістер алғаш байқалатын кеңістік.

Мұнда не істеу керек?

  • Оқушыларға психикалық саулық туралы білім беру: өз сезімін түсіну, күйзелісті басқару, эмоцияны білдіру және көмек сұрай білу – бұл маңызды дағдылар.
  • Мектеп қабырғасында арнайы тренингтер, сабақтар, ашық әңгімелер өткізу арқылы суицидтің алдын алу мәдениетін қалыптастыру.
  • Психологиялық қиындықтың алғашқы белгілері байқалғанда қайда және кімге жүгінуге болатынын нақтылап көрсету. Байланыс нөмірлері, сенім телефондары, көмек көрсету орталықтарының мекенжайлары барлық жасөспірімдерге белгілі болуы тиіс.
  • Білім беру ұйымындағы барлық қызметкерлер – вахтерден бастап, мұғалімдер мен директорға дейін – суицидке бейім балаларды ерте тану және олармен дұрыс қарым-қатынас жасау бойынша базалық білім алуы қажет.

Бұл тәсілдер бірқатар елдерде нәтижелі болып, Қазақстанда да 2015 жылы БҰҰ Балалар қоры жүргізген пилоттық жобаларда оң әсерін берген болатын.

Айта кетерлігі, тегін психологиялық көмек беретін 24/7 жұмыс істейтін 111 нөмірі жұмыс істейді.

Қауіп тобына бағытталған профилактика – жеке қолдау

Кей жасөспірім ерекше назарды қажет етеді. Бұл – психологиялық диагностикалық скрининг нәтижесі бойынша, мектеп мамандары, ата-ана, жасөспірімдер бағыттауымен немесе өз еркімен көмек сұраған балалар.

Мұндай жағдайларда оларға психокоррекциялық, психотерапиялық немесе қажет болғанда медициналық көмек ұсынылуы керек. Мысалы, 2012 жылы жүргізілген канадалық зерттеуде (Wasserman et al.) суицидтік мінез-құлық көп жағдайда депрессия белгілерімен қатар жүретіні көрсетілген.

Яғни мектеп психологы мен әлеуметтік педагогтың тұрақты, жүйелі жұмысы – бұл өмірді құтқаратын күш.

Жасөспірімдерді суицидке итермелейтін себептер қандай?

Бұл – бір ғана факторға емес, бір-бірімен тығыз байланысқан бірнеше себептерге негізделетін құбылыс.

  • Буллинг: Құрдастарының қорлауы, кемсітуі – суицидтің ең қауіпті триггерлерінің бірі. АҚШ-тың CDC зерттеуіне (2021) сүйенсек, буллинг құрбандары 3 есе жиі суицидке бейім болады.
  • Эмоциялық жарақаттар: Отбасындағы зорлық-зомбылық, ата-ананың ажырасуы, елемеу – баланың ішкі әлемінде терең жара қалдырады.
  • Жалғыздық пен жауапсыз махаббат: Бұл жаста эмоция алдыңғы орында. Эмоциялық қолдаудан тыс қалған жасөспірім өзін мүлде жалғыз сезінуі мүмкін.
  • Психикалық бұзылыстар: Депрессия, мазасыздық, биполярлық бұзылыс сияқты дерттер кәсіби көмекті қажет етеді.
  • Әлеуметтік-экономикалық қысым: Болашаққа деген сенімсіздік, отбасындағы қаржылық қиындықтар әсіресе ауыл жастары арасында жиі кездеседі.
  • Алдыңғы суицид әрекеттері: Бұрын осындай әрекетке барған балада қайталау қаупі әлдеқайда жоғары болады.
  • Алкоголь мен есірткі секілді заттарды қолдану.

Қай жас – ең қауіпті кезең?

Жасөспірімдер дамуы "дағдарыс кезеңдерімен" ерекшеленеді. Психологиялық тұрғыдан аса қауіпті кезеңдер:

ДДСҰ мәліметі бойынша, 15-19 жас аралығы – суицид қаупі жоғары топ. Бұл кезеңде ішкі күйзеліс пен сыртқы қысым шегіне жетіп, бала өздігінен шешім қабылдауға дәрменсіз күйге түсуі мүмкін.

Жасөспірімдік кезең – адамның өміріндегі ең күрделі әрі шешуші кезеңдердің бірі. Бұл шамамен 10-19 жас аралығын қамтиды және гормоналды, физиологиялық, психологиялық әрі әлеуметтік өзгерістермен сипатталады. Бұл – тұлға болып қалыптасу, өзін-өзі тану, өмірлік құндылықтар мен ұстанымдарды анықтау кезеңі.

Бұл кезеңде не өзгереді?

  • Гормоналды өзгерістер. Жыныстық жетілу басталады: ағзада тестостерон, эстроген, кортизол сияқты гормондардың деңгейі күрт көтеріледі. Бұл тек дене бітіміне емес, сонымен қатар көңіл-күйге, импульсивтілікке, сезімталдыққа әсер етеді.
  • Физиологиялық өзгерістер. Жасөспірімнің ағзасы белсенді өседі, сырт келбеті, дауысы, дене пішіні өзгереді. Мұндай өзгерістер ұялу, сенімсіздік, өзін-өзі қабылдамау сияқты сезімдерге себеп болуы мүмкін.
  • Психоэмоционалды тұрақсыздық. Көңіл-күй тез және жиі өзгеріп отырады. Жасөспірімдер күйзеліске бейім, ашуланшақ, уайымшыл болуы мүмкін.
  • "Мен кіммін?" деген сұрақ туындайды. Өзін-өзі тануға, салыстыруға деген ішкі қажеттілік күшейеді. Жасөспірім өзін қоршаған ортамен салыстырады, өз бейнесін қалыптастыруға тырысады.
  • Тәуелсіздікке ұмтылыс. Бұл жаста ата-анадан бөлініп, дербес болуға ұмтылыс пайда болады, алайда сонымен қатар қолдауға деген қажеттілік сақталады.
  • Сын тұрғысынан ойлау дамиды. Жасөспірім ересектердің пікіріне күмәнмен қарап, ережелер мен тыйымдарға қарсы шығуы мүмкін. Бұл – қалыпты даму белгісі, бірақ кейде ішкі жанжалдарға апаруы ықтимал.
  • Құрдастардың ықпалы артады. Достарының пікірі ата-ананікінен маңыздырақ болады. Осы кезеңде әлеуметтік қабылданбау, буллинг, шеттету сияқты құбылыстар ауыр қабылданады.

Неліктен бұл маңызды?

Дәл осы жас кезеңінде психологиялық төзімділік пен өмірлік қиындықтармен күресу дағдылары қалыптасады. Олар болашақта ересек адамның психикалық денсаулығына тікелей әсер етеді. Алайда жоғарыда айтылған өзгерістерге байланысты жасөспірімдер эмоционалды тұрақсыз, импульсивті және кейде ауыр шешімдерге бейім болуы мүмкін.

Бұл уақытта кішкентай мәселенің өзі үлкен трагедия болып сезілуі мүмкін. Егер дер кезінде қолдау көрсетілмесе, тыңдап, түсінуге тырыспаса — бала өз-өзімен қалып қояды. Сондықтан уақытында көмек көрсету, қауіпсіз әрі сенімді орта қалыптастыру, қолдаушы болу – өте маңызды.

Ата-ана не істей алады?

Егер ата-ана баласының мінез-құлқында, көңіл күйінде өзгеріс, ұйқы, тамақ бұзылысын, галлюцинация белгілерін, сабағы нашарлағанын, мектепке барғысы келмейтінін, сөзінде "өмірден шаршадым, ешнәрсе қызықсыз" деген секілді сөздер айтқанын немесе әлеуметтік желіде негативті посттарын байқаса – бұл жай ғана өтпелі көңіл-күй емес екенін ескерген жөн.

  • Тыңдаңыз: Сөзін бөлмей, кінәламай, мәселесін құнсыздардырмай ашық тыңдаңыз. Жасөспірімге өз сезімін білдіру мүмкіндігін беріңіз.
  • Сұрақ қойыңыз: "Сен өзіңді қалай сезініп жүрсің?", "Саған бірнәрсе қиын болып жүр ме?" деген секілді қарапайым, бірақ жанашыр сұрақтар үлкен әсер береді. Зерттеулер (Gould et al., 2005) бұл сұрақтар суицидке итермелемейтінін, керісінше, ашық диалогқа жол ашатынын дәлелдеген.
  • Кәсіби көмек алыңыз: Психологтың немесе психиатрдың көмегі – бұл әлсіздік емес, қамқорлық.
  • Уақыт бөліңіз: Қолдау – баланың басты қорғаныш ресурсы. Баланың жанында болу, оны құшақтау, оның маңызды екенін сездіру – материалдық қамтамасыз етуден маңыздырақ.

Суицид тұқым қуалай ма?

Суицидтің өзі емес, оған бейім психикалық бұзылыстар – депрессия, биполярлық бұзылыс – белгілі бір дәрежеде генетикалық түрде берілуі мүмкін. Сонымен қатар отбасында болған суицид жағдайы үлгі ретінде қалыптасуы да мүмкін.

Мәселен, Brent & Mann (2005) зерттеуі көрсеткендей, ата-анасы суицид жасаған жасөспірімдер арасында суицидтік ойлар 4 есе жиі кездеседі. Бұл – баланың психикалық жағдайына ерекше назар аударудың тағы бір дәлелі.

Жасөспірімдер – болашақтың бет-бейнесі. Олардың жан айқайын есту, жәй ғана сөзін бөліп тыңдау, өмірінің ең қиын сәтінде қолдау көрсету – бұл әр ересектің, әр маманның, әр ата-ананың ортақ жауапкершілігі. Суицид – үнсіздіктен туады. Біз үнсіз қалмауымыз керек.

Бөлісу: