Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым және жоғары білім форумында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президенттің 4 ауқымды тапсырмасы бар. Оның бірі – Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін көтеру. Қазіргі таңда Үкіметтің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Университеттегі ғылым мен қолданбалы ғылымды біртұтас модельде жұмыс істеуі сынды мәселелерді бүгін «форсайттық» сессияда талқылап жатырмыз. Университеттегі ғылым мәселесіне келетін болсақ, қазіргі таңда университеттердің 70 пайызы ғылыммен айналыспайды. Олар – оқытушы университеттер. Біздің мақсатымыз – университеттерді зерттеу моделіне көшіру, – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, қолданбалы зерттеулер арқылы жастарды ғылымға тарту көзделіп отыр.
Қазіргі таңда ғылымда кадр тапшылығы бар. Үшінші тапсырма – ұзақмерзімді және қысқамерзімді, ортамерзімді ғылымның басым бағыттарын айқындау. Бүгінгі сессия барысында осы мәселені де талқылаймыз. Қазір отандық ғылым күнделікті салалық, өңірлік проблемалық мәселелерді шешуге бағытталмаған. Бізде ғылым өз бетімен, тұрғындардың экономикалық мәселелері өзі бетімен жүр. Осы екі мәселені ұштастыруымыз керек, - деді ол.
Форум жұмысына ғылым мен жоғары білім өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, топ-менеджерлер, жұмыс берушілер, оқытушылар, жас ғалымдар мен студенттер қатысты.