Үндістанда жолаушылар автобусы өртеніп, тоғыз адам қаза тапты

24 Қыркүйек 2026, 20:14
АВТОР
 ndtv.com 24 Қыркүйек 2026, 20:14
24 Қыркүйек 2026, 20:14
167
Фото: ndtv.com

Үндістанның Уттар-Прадеш штатындағы Ямуна төте жолында жолаушылар автобусы өртеніп, кем дегенде тоғыз адам қаза тапты. Бірнеше адам жарақат алды. Қайғылы оқиға 23 қыркүйек күні кешке Үлкен Нойда ауданында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ NDTV-ға сілтеме жасап.

Автобус Делиден Махоба қаласына бағыт алған. NDTV деректерінше, салонның ішінде 30-дан астам жолаушы болған. Олардың көбі өрт шыққан кезде ұйықтап жатқан. Қаза тапқандардың арасында әйел адам да бар. От автобус ішіне лезде таралып кеткен. Қатты түтіннің салдарынан жолаушыларға сыртқа шығу қиынға соққан. Кейбір адамдар жанып жатқан автобустан терезе арқылы шығуға мәжбүр болған.

Жолаушылардың бірі NDTV арнасына салон ішінде дүрбелең басталған кезде оянғанын айтып берді.

«Мен ұйықтап жатқанмын, біреу есікті қаға бастады. Оянғанымда, айналама халық қаптап кетіпті. Тіпті заттарымды да алғам жоқ, аяқ киімімді де киюге үлгермедім. Тек телефонымды іліп алып, шығуға ұмтылдым», – дейді әйел.

Оның айтуынша, автобус бірден түтінге толып, адамдар сыртқа қашуға тырысып, бір-бірін итермелеген.

Өрттің шығу себебі қандай болуы мүмкін?

Полицияның алдын ала мәліметінше, оттың тұтануына кондиционер жүйесінің ақауы себеп болуы ықтимал. NDTV хабарлауынша, алғашқы нұсқа бойынша, өрт кондиционер жүйесіндегі жарылыстан кейін басталып, артынан мотор майы тұтанып, жалын лезде таралып кеткен. Оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр.

Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері келіп жетті. Төтенше жағдайдан кейін автобустың жүргізушісі мен кондукторы қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды.

Қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төленеді

Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Моди Премьер-министрдің ұлттық көмек қорынан қаза тапқандардың әрқайсысының отбасына 200 мың рупийден берілетінін мәлімдеді. Ал зардап шеккендерге 50 мың рупийден төленеді.

Уттар-Прадеш штатының бас министрі Йоги Адитьянатх та қаза тапқандардың отбасыларына 200 мың рупийден, ал жараланғандарға 50 мың рупийден өтемақы төлеуді тапсырды. Билік өкілдеріне зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсету жүктелді.

Наверх