Үндістан АҚШ-тың шабуылдарын негізсіз және әділетсіз деп атап, Ресей мұнайын сатып алу экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет екенін баса айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ресми мәлімдемені дүйсенбі, 4 тамызда Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Рандхир Джайсвал X әлеуметтік желісінде жариялады.
Украинадағы қақтығыс басталғаннан кейін Үндістанды Ресейден мұнай импорттағаны үшін АҚШ пен Еуроодақ сынға алды. Шындығында, Үндістан ресейлік мұнайды сатып ала бастады, өйткені қақтығыс басталғаннан кейін дәстүрлі жеткізілім Еуропаға қайта бағытталды, – деп жазылған мәтінде.
Ол кезде АҚШ-тың әлемдік энергетикалық нарықтардың тұрақтылығын нығайту үшін Үндістаннан мұндай импортты белсенді түрде ынталандырғаны атап өтілген.
Мәлімдемеде Үндістанның мұнай импорты үнді тұтынушылары үшін болжамды және қолжетімді энергия бағасын қамтамасыз етуге бағытталғанын түсіндіреді.
Бұл әлемдік нарықтағы жағдайдан туындап отырған қажеттілік. Дегенмен, Үндістанды сынайтын елдердің өзі Ресеймен сауда-саттықпен айналысатыны маңызды. Бізден айырмашылығы, олардың жағдайында бұл сауда өмірлік маңызды ұлттық қажеттілікпен байланысты емес, – деп жазылған құжатта.
Үндістан Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылы ЕО мен Ресей арасындағы екіжақты тауар айналымы 67,5 миллиард еуроны құрады. Сонымен қатар, 2023 жылы қызмет саудасының көлемі 17,2 миллиард еуроға жетті.
Бұл Үндістан мен Ресей арасындағы осы кезеңдегі және одан кейінгі кезеңдегі жалпы сауда көлемінен айтарлықтай көп. Атап айтқанда, 2024 жылы Еуропаға LNG (сұйытылған табиғи газ) импорты рекордтық көрсеткішке жетіп, 2022 жылы 15,21 миллион тонна бұрынғы рекордтық көрсеткіштен асып түсті, – деп жазылған хабарламада.
Еуропа мен Ресей арасындағы сауда тек энергетикалық ресурстарды ғана емес, сонымен қатар тыңайтқыштар, тау-кен өнеркәсібі өнімдері, химиялық заттар, қара металдар, машиналар мен көлік жабдықтарын қамтитыны атап өтілді.
АҚШ-қа келетін болсақ, "олар ядролық өнеркәсібі үшін уран гексафторидін, электр көліктерін өндіруге арналған палладийді, тыңайтқыштар мен химиялық өнімдерді Ресейден импорттауды жалғастыруда" деп түсіндірді Сыртқы істер министрлігі.
Кез келген ірі экономика сияқты Үндістан да өзінің ұлттық мүдделері мен экономикалық қауіпсіздігін қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды, – деп қосты Сыртқы істер министрлігі.