Үндістан Ресей мұнайынан бас тарта ма?

28 Наурыз 2025, 21:03
960
Бөлісу:
Үндістан Ресей мұнайынан бас тарта ма?
Фото: BAQ.KZ архив

Үндістан Ресей мұнайын тасымалдаған танкерді қабылдаудан бас тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үндістан Вадинар портына кіруге рұқсат бермей, Танзания туы астында жүзетін Andaman Skies танкерінің сұранысын қабылдамады. Кемеде құжаттарда кемшіліктер болғандықтан, ол портқа кіре алмады. Танкерді Dakar Class компаниясы сертификаттағанымен, Үндістан билігі бұл ұйымды мойындамайды, деп хабарлады бірнеше батыс басылымдары.

Bloomberg және Reuters деректері бойынша, танкер Ресейдің Лукойл компаниясына тиесілі Varandey маркалы 767 мың баррель мұнайын Мурманск портынан тиеп, Үндістанның Indian Oil Corp мемлекеттік мұнай өңдеу зауытына жеткізу үшін Вадинар портына бағыт алған. Алайда 30 наурызда жоспарланған түсіру жұмыстары құжаттардағы сәйкессіздіктерге байланысты жүзеге аспады, - делінген ақпаратта.

Үндістан порттарында 20 жылдан асқан кемелерге жүзу жарамдылығы сертификаты қажет, ал бұл құжатты тек Халықаралық классификациялық қоғамдар қауымдастығының мүшесі немесе Үндістанның теңіз әкімшілігі мойындаған ұйым беруі тиіс. Reuters агенттігі желтоқсан айында Andaman Skies танкерін Dakar Class сертификаттағанын атап өтті. Бұл ұйым IMO (Халықаралық теңіз ұйымы) стандарттарына сай сертификаттау қызметтерін ұсынатынын мәлімдейді, бірақ Үндістанның теңіз билігі оны мойындамайды.

Сонымен қатар, танкердің Ресейдің "Согласие" сақтандыру компаниясымен сақтандырылғаны хабарланды. Reuters бұл жағдайды "Ресей мұнайын тасымалдайтын кемелерге бақылаудың күшеюінің белгісі" ретінде сипаттады. Агенттік сондай-ақ 2025 жылдың қаңтарында АҚШ-тың Ресейдің мұнай кірістерін азайтуға бағытталған жаңа санкцияларынан кейін Үндістан мен Қытайға жеткізілетін Ресей мұнайының көлемі едәуір төмендегенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы