Үндістан мен Еуропалық одақ (ЕО) екіжақты сауданы кеңейтуге бағытталған ауқымды келісімге қол жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Агенттіктің хабарлауынша, келісім көптеген тауарлар бойынша кедендік баж салығын айтарлықтай төмендетуді көздейді.
Келісімге сәйкес, ЕО Үндістаннан әкелінетін тауарлардың 99,5%-ына, ал Үндістан ЕО-дан импортталатын өнімдердің шамамен 97%-ына тарифтерді қысқартады. Бұл еуропалық компанияларға жыл сайын 4 млрд еуроға жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді.
ЕО тарапынан теңіз өнімдері, тоқыма, былғары, химия, резеңке, түсті металдар, асыл тастар мен зергерлік бұйымдарға баж салығы нөлге дейін төмендетіледі. Ал ауыл шаруашылығы өнімдері – сиыр еті, сүт, қант, күріш және соя келісім аясынан тыс қалды.
Үндістан бірнеше жыл ішінде еуропалық автомобильдерге салынатын баж салығын 110%-дан 10%-ға дейін төмендетеді. Бұл Volkswagen, BMW, Mercedes-Benz және Renault секілді компанияларға Үндістан нарығына жол ашады. Сонымен қатар, алкоголь өнімдеріне тарифтер кезең-кезеңімен қысқартылады.
Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен бұл келісімді «тарихи қадам» деп атап, оның Үндістанның қорғалған нарығын ЕО бизнесі үшін ашатынын айтты. Ал Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди келісімнің 1,4 млрд үндістандық пен Еуропадағы миллиондаған адамға жаңа мүмкіндіктер әкелетінін мәлімдеді.
2025 қаржы жылында Үндістан мен ЕО арасындағы сауда көлемі 136,5 млрд долларды құраған. Сарапшылар бұл келісім 2032 жылға қарай еуропалық экспортты екі есеге арттыруы мүмкін деп болжап отыр.
Келісім алдағы 5-6 айда заңдық тексеруден өтіп, кейін ресми түрде күшіне енеді.