Үндістан елшісі Қазақстанмен сауда көлемін арттыру жоспарын айтты

Үндістан елшісі Қазақстанмен саудадағы басты мүмкіндіктерді атады.

24 Қыркүйек 2026, 14:58
АВТОР
 depositphotos.com 24 Қыркүйек 2026, 14:58
24 Қыркүйек 2026, 14:58
182
Фото: depositphotos.com

Қазақстан мен Үндістан арасындағы саяси және мәдени байланыстар жоғары деңгейде болғанымен, сауда, коммерция және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажет. Бұл туралы Үндістанның Қазақстандағы елшісі Сайлас Тангал айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елшінің айтуынша, екі елдің экономикасы бірін-бірі толықтыруға мүмкіндік береді.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Қазақстан – мұнай, уран, минералдар және басқа да энергетикалық ресурстардың ірі өндірушісі әрі экспорттаушысы. Ал Үндістан – мұнай, газ, көмір және басқа да минералдарды ірі көлемде импорттайтын ел. Сонымен қатар Үндістан фармацевтика өнімдерін экспорттайтын ірі мемлекеттердің бірі. Қазақстан фармацевтикалық өнімдерді импорттайды, алайда қазіргі уақытта оларды Үндістаннан алып отырған жоқ. Сондықтан осы өзара толықтыру мүмкіндігін екі елдің пайдасына пайдалануымыз керек, – деді дипломат.

Оның айтуынша, соңғы уақытта Қазақстан мен Үндістан кәсіпкерлерінің өзара кездесулері көбейген.

Елші сауда мәселелері бойынша Қазақстанға келген үндістандық делегация құрамында түрлі секторлардың өкілдері болғанын атап өтті. Кәсіпкерлер қазақстандық бизнес өкілдерімен кездесулер өткізген.

Үндістан елшісінің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 200-300 үндістандық кәсіпкер белсенді бизнес жүргізіп жатыр.

Олар негізінен фармацевтика, инженерлік тауарлар, азық-түлік, ет өнімдері, электроника және басқа да бағыттарда жұмыс істейді.

«Саяси қарым-қатынасымыз өте жақсы»

Елші Қазақстан мен Үндістан арасындағы соңғы жылдардағы қарым-қатынасқа да тоқталды.

Оның айтуынша, екі елдің саяси байланысы өте жақсы және жылы сипатта.

Үндістан мен Қазақстанның саяси қарым-қатынасы өте жақсы, өте жылы. Біз саяси қарым-қатынас тұрғысынан стратегиялық әріптеспіз, – деді ол.

Сонымен қатар дипломат екі ел арасындағы мәдени және халықтар арасындағы байланыстың терең екенін атап өтті.

Қазақстан халқы үндістандық Болливудты, Болливуд әндерін, биді, йоганы жақсы көреді. Сондықтан халықтар арасындағы және мәдени байланысымыз өте терең, – деді Сайлас Тангал.

Алайда оның айтуынша, сауда, коммерция және инвестиция салаларындағы байланыс саяси және мәдени қатынастар деңгейіне әлі жете қойған жоқ.

Сауда, коммерция және инвестиция мәселесіне келгенде біз артта қалып отырмыз. Дәл сондықтан осындай семинарлар өткізіп, көптеген сауда делегацияларын әкеліп, Қазақстаннан Үндістанға да делегациялар апарып жатырмыз. Біз сауда ынтымақтастығын кеңейту бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта тауар айналымы көлемін 1 млрд долларлық межеден асырып, болашақта тіпті 3 млрд долларға жеткіземіз деп үміттенемін. Біздің әлеуетіміз бен мүмкіндіктеріміз бар, өйткені Үндістан мен Қазақстан экономикалары бір-бірін көптеген бағытта толықтырады, – деді дипломат.

Оның айтуынша, 2026 жылы Үндістан мен Қазақстан кәсіпкерлерінің өзара кездесулері мен сапарлары көбейген.

Биыл, 2026 жылы, Үндістан кәсіпкерлері мен Қазақстан кәсіпкерлерінің өзара байланысы артты. Бизнес және халықтар арасындағы өзара іс-қимылды біртіндеп күшейтіп келеміз. Сондықтан байланысымызда ілгерілеу бар деп айта аламын, – деді Үндістан елшісі.

Наверх