Үндістан билігі ел астанасы Делиде ауа сапасының рекордтық төмен деңгейге түсуіне байланысты ластануды шектеу шараларын күшейтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің ұсынымына сәйкес, сенбі күні кешке Ауаның ластануын бақылау жөніндегі комиссия Делиде және оған іргелес аудандарда ауаның ластануына қарсы іс-қимыл жоспарының төртінші, ең қатаң деңгейін енгізді.
Жексенбі күні Делидегі ауа сапасы «өте нашар» санатына жетті. Ресми көрсеткіштерге сәйкес, бірнеше бақылау станциясында ауа сапасының индексі 450-ден асты. Ал сенбі күні бұл көрсеткіш 430 болған, бұл – қыс маусымындағы ең жоғары деңгей. Салыстыру үшін айта кетсек, ауа сапасының индексі 50-ден төмен болған жағдайда ол «жақсы» деп есептеледі.
Енгізілген шектеулер аясында ескі дизельді жүк көліктерінің қалаға кіруіне тыйым салынды, барлық құрылыс жұмыстары, соның ішінде қоғамдық нысандардағы құрылыс уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ мектептерде оқыту гибридті форматқа ауыстырылды.
Шамамен 30 миллион халқы бар бұл өңір қыс мезгілінде жиі қалың түтінге оранады. Бұған суық әрі тығыз ауа қабатының көршілес штаттардағы көлік қозғалысынан, құрылыс алаңдарынан және егін қалдықтарын жағудан шығатын зиянды заттардың таралуына кедергі келтіруі себеп болып отыр. Соның салдарынан Делидегі ауа ластануы әлемдегі ең жоғары деңгейлердің біріне жетіп, тұрғындардың денсаулығына, әсіресе тыныс алу жүйесіне айтарлықтай қауіп төндіреді.
Билік тұрғындарды, әсіресе балаларды, сондай-ақ тыныс алу жолдары мен жүрек ауруларынан зардап шегетін адамдарды мүмкіндігінше үйде болуға және далаға шыққан жағдайда қорғаныш бетпердесін пайдалануға шақырды.
Ауаның ластануын бақылау жөніндегі комиссияның мәліметінше, жағдайдың күрт нашарлауына жоғары ылғалдылық пен жел бағытының өзгеруі әсер еткен. Бұл факторлар ластаушы заттардың таралуын тежеп, түтіннің жиналуына қолайлы жағдай қалыптастырған.