Шымкент қаласы, BAQ. KZ тілшісі. Үлкен жолдың жиегінде ULYTAUMEN деген жазуы бар футболка киіп, арбасын итеріп бара жатқан қарт кісіні көре қалсаңыз, бір сәт аялдап, фотоға түсіп, әңгімелесе қалыңыз.
Өйткені ол кісі — Қазақстанның барлық облыс-қаласын жаяу аралауға шыққан Сәрсенбай Қотырашов. Оның «Ұлытауға бардың ба...?» сапары 2022 жылғы 31 наурызда қазақ даласының тарихи-географиялық орталығы Ұлытаудан басталды. Сәрсенбай ата содан бері Жезқазған қаласы мен Қызылорда, Түркістан облыстарының жерін басып өтіп, 26 сәуірде Шымкентке жетті. Мұнда бір күн тынығып, Таразға қарай жол тартты. Кең-байтақ жерімізді жарты жылда жаяу аралап шығуды мақсат еткен марафоншы Сәрсенбай қариямен аз-кем әңгімелестік.
Сәрсенбай Қотырашов — ұста, ескерткіштерді қалпына келтіретін реставратор, «Ұлытау» қорық-мұражайы архитектуралық бөлімінің қызметкері. 1950 жылы Жаңарқа ауданында дүниеге келген. Халық шаруашылығында көп жыл еңбек еткен.
Инстаграм әлеуметтік желісінде оның @ulytaumen деген парақшасы бар. Наурыздың соңында ашылған парақшаның жазылушы саны бір айда 10 мыңға жуықтады.
Оның «Ұлытауға бардың ба...?» сапары 2022 жылғы 22 наурыз — Ұлыстың Ұлы күні басталған екен. Дәл сол күні оның Ұлытау ауданы орталығының мәдениет үйінде өтіп жатқан Наурыз мерекесінде ресми шығарып салу рәсімі болды.
Сәрсенбай қария бұл туралы инстаграм парақшасында: «Ұлытау халқына, жұртшылыққа үлкен рахмет айтамын. Өкінішке орай, далада қатты боран соғып тұр. Төтенше жағдай мекемесі мені уақытша тоқтатып, бір жеті жолға шықпауымды ескертті. Амал жоқ, көнемін» деп жазған. Күн райы құбылып тұрған соң, сапарын бір апта кейінге шегеріп, 31 наурызда жолға шығыпты.
Бұл сапарды 6 жыл бұрын ойға алдым. Сәті түсіп, биыл жолға шықтым. “Ұлытауға бардың ба…?” сапарымның бір емес, бірнеше мақсаты бар. Еліміздің 17 облыс-қаласын жаяу аралап шығудан бөлек, үш негізгі мақсатымды айтайын. Біріншісі, ұлт ұясы — Ұлытаудың тарихын, яғни қазақтың тарихын, сонау қола дәуірінен бастап түсіндіріп айту. Еліміздің әрі тарихи әрі географиялық орталығы — Ұлытауды халыққа насихаттау. Екінші мақсатым — ұста әрі реставратормын. Жүрген-барған жерімде қолөнер бұйымдарын қарап, авторын іздеймін. Халық арасындағы қолөнер шеберлерін тауып, тізімін жасап, сол толықтырған тізімімді ЮНЕСКО-ға беру. Жай бере салмай, ЮНЕСКО ұйымы сол тізімді жоғарыда отырған басшыларға жеткізсе екен деймін. Үшінші мақсатым — қымыз мерекесін насихаттау. Қазақ — қымызымен қазақ, жылқысымен қазақ. Осы Қымыз мерекесін қолымызға қайта алсақ екен. Президентіміз осы қымыз мерекесін күнтізбеге бекітіп берсе деген ой-тілегім бар.
Сәрсенбай ата Шымкентке жеткенше 1000 шақырымнан астам жол жүріпті. Ең қиын жол — Ұлытау мен Жезқазған арасы болыпты.
Өйткені мен жолға шыққан 31 наурызда сол жақта қар жауып, жел соғып, көктайғақ болып тұрды. 140 км-ді 28 сағатта ұйықтамай жүріп өттім. Содан Жезқазғанға жетіп, тынығып, 3 сәуірде сапарымды жалғастырып, 13 сәуірде Қызылордаға келдім. О жақта жол мұндағыдай жақсы емес. Асфальт ойдым-ойдым екен. Бір рет арбам сынды, бір рет дөңгелегім атылып кетті. Ақсаңдап, 40 шақырымнан артық жүре алмадым. Жолда екі рет далаға қондым. Сол жақта елдімекен сирек кездеседі. Қызылордадан бері шыққанымда тегіс асфальт жол екен. Бірақ бұл жақта аялдау көп болып кетті. 40 км-ден артық жүре алмай қалдым, — дейді қария.
Иә, Қызылордадан бері жолай қозғалыс та жиілейді, адым аттаған сайын ауыл кездеседі. Олар жөн сұрасып, сәлем беріп, тілек айтады екен.
Жалпы жол бойы кездескен адамдардың көбі шын ниетімен қолдап қабылдап жатыр. “Сіздің мақсатыңызды қолдаймыз, мақсатыңыз орындалсын” деп тілек білдіретіндер көп. Арасында Ұлытауды білмейтін, естімегендер, түсінбейтіндер бар екен. Таң қалып жатыр. Ұлытау деген не, қай жер, қайдан келесіз деп сұрақ қояды, — деді ол.
«Ұлытауға бардың ба...?» деп Ұлытауға шақыратын сапар басталғалы Ұлытауды көбі танып, біле бастаған екен.
Қазір Ұлытауды көбі тани бастады. Ұлытау географиялық жағынан келгенде Қазақстанның орталығы боп саналады. Тек Қазақстанның емес, жалпы Еуразияның орталығы боп есептеледі. Ұлытау — қазақтың қара шаңырағы. Дүниежүзінде алғаш металл қорыту да осы Ұлытаудан басталған. Біздің заманымызға дейінгі аспан әлемін зерттейтін абсолюттер сонда болған. Қазағымыздың даласы бәріне бай. Тарихқа да, мәдениетке де, өркениетке де бай. Ұлтымыздың өнер-мәдениеті ертеден дамып, бүгінге жеткен. Соның бір қазығы — Ұлытау жері, — деді қария.
72 жастағы Сәрсенбай Қотырашовтың жүріп өткен мен енді жүретін жолына бір қарап қоялық:
Сапар Ұлытаудан басталып, Жезқазғанда аялдап, Қызылорда, Түркістан, Шымкентке келіп, енді Таразға қарай бағыт алып барады. Одан әрі оңтүстік-шығысты бойлап, Алматы, Талдықорған жерімен өтіп, Аякөз, Семей, Өскеменге дейін жетіп, шығыстан солтүстік-шығысқа, яғни Павлодарға бағыт алады. Бір ауық орталыққа, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Көкшетауға бұрылып, одан әрі солтүстікке тартып, Петропавл, Қостанайды көреді. Ары қарай батысқа бағыт алып, Ақтөбе, Орал, Атырау, Бейнеуге барып, Ақтауда аяқталады.
Жоспар бойынша бұл сапарымды қараша айында Ақтауда аяқтаймын. Соған үлгеруім керек. Мына арбама kaspi gold нөмірімді (87774849332 Сарсенбай К.) жазып қойдым. Түскен қаржыны сол алдағы сапарларыма жұмсаймын. Қазақстанды жаяу аралап шыққан соң, тағы бір жоспарым бар. Ол Ұлытаудан шығып, Венгрияға жаяу сапарлау, — дейді ұста-реставратор, марафоншы-қария Сәрсенбай Қотырашов.