Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ұлытауда жас кәсіпкерлерді қолдауға 400 млн теңге грант бөлінеді

Бүгiн, 08:54
185
Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Ұлытау облысында 2026 жылы жас кәсіпкерлерді қолдауға 400 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант бөліну жоспарланып отыр. Қаржы жаңа бизнес ашуға немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпті кеңейтуге бағытталады, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, өңірде грант алуға ниетті жастардың саны жыл сайын артып келеді. Бұған дейін мемлекет қолдауын алған кәсіпкерлер бүгінде табысты жұмыс істеп отыр.

Соның бірі – Жезді кентінің тұрғыны Гүлнәр Жаналинова. Үш мыңға жуық халқы бар елді мекенде наубайхана болмаған. Кәсіпкер грант есебінен шағын наубайхана ашып, күніне 500 бөлке нан өндіруді қолға алды. Қазір кәсіпті кеңейтіп, жаңа жабдықтар сатып алған, 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Қайтарымсыз грант көлемі бизнес жобаның ауқымы мен маңыздылығына қарай 1 млн-нан 7 млн теңгеге дейін беріледі. Қомақты қаржы негізінен жұмыс істеп тұрған кәсіпті дамытуға бағытталады. Мәселен, кәсіпкер Думан Қорғанбеков 5 млн теңге грант алып, шағын автомектепті ірі оқу орталығына айналдырған. Бүгінде мұнда мемлекеттік тапсырыс аясында түрлі мамандықтар бойынша тегін оқыту жүргізіледі.

2025 жылы өңірде 140-тан астам жас кәсіпкер қайтарымсыз грантқа ие болған, олардың жартысы ауылдық жерде тұрады. Бөлінген қаржының жалпы көлемі 300 млн теңгеге жуық.

Өңірлік кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, 2026 жылы грант көлемі былтырғы деңгейден жоғары болады. Себебі облыста кәсіпкерлік саласында тұрақты өсім байқалып отыр.

Айта кетейік, өткен жылы Ұлытау облысындағы шағын және орта бизнес 180 млрд теңгенің өнімін өндірген. Ұлттық кәсіпкерлік палатасының рейтингі бойынша өңір 2025 жылы кәсіпкерлікке ең қолайлы аймақтардың бірі деп танылды. Биыл грант беру кезінде ІТ және туризм салаларына басымдық беріледі.

Өзгелердің жаңалығы