2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстары көлемінің ең жоғары өсімі Ұлытау, Қызылорда және Павлодар облыстарында тіркелді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қаңтар-маусым айларында Қазақстан бойынша құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі шамамен 4,1 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға көп.
Жалпы, өңірлердің басым бөлігінде оң динамика байқалады. Ең жоғары өсім Ұлытау, Қызылорда және Павлодар облыстарында тіркелді, – деді министр.
Ол 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап өтті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 7,9 млн шаршы метр болған.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк инфляция деңгейіне қатысты пікір білдіріп, ахуал тұрақтанды деуге әлі ерте екендігін айтқан болатын.