Ұлттық банк инфляция деңгейі туралы: Ахуал толық тұрақтанды деуге әлі ерте

Маусым айында инфляция 10,3%-ға дейін баяулады. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17%-ға түсіргенімен, инфляциялық қысым толық сейілген жоқ.

 ©BAQ.KZ архиві 14 Шілде 2026, 12:00
14 Шілде 2026, 12:00
135
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстандағы жылдық инфляция тоғыз ай қатарынан баяулап, маусым айының қорытындысы бойынша 10,3%-ды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, инфляцияның бәсеңдеуіне бірнеше фактор ықпал еткен. Атап айтқанда, қалыпты қатаң ақша-кредит саясаты, ең төменгі резервтік талаптардың ұлғаюы мен алтын сатып алу операцияларын теңестіру арқылы ақша массасын басқару, Үкіметтің инфляцияға қарсы шаралары және тұтынушылық кредиттеуді реттеуге бағытталған макропруденциялық тетіктер өз нәтижесін берген.

Осы үрдісті ескере отырып, Ұлттық банк 5 маусымда базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға дейін төмендеткен.

Соған қарамастан, Тимур Сүлейменов инфляциялық ахуал толық тұрақталды деуге әлі ерте екенін айтты.

Дегенмен, инфляция әлі де екі таңбалы болғандықтан, инфляциялық жағдай толық тұрақтанды деп айтуға ерте. Маусым айындағы айлық инфляция 0,8% болды, – деді ол.

Ұлттық банк төрағасы инфляцияны одан әрі төмендету үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тарифтерін, қызмет көрсету бағалары мен жанар-жағармай құнын кезең-кезеңімен әрі байыппен арттыру бағдарламасын іске асыру қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар бюджеттік консолидацияны іс жүзінде қамтамасыз ету қажет. Яғни республикалық бюджет тапшылығының ұлғаюына және Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің артуына жол бермеу маңызды. Бұған қоса, ішкі нарықты отандық тауарлармен нақты толықтыруға бағытталған квазифискалдық ынталандыру тетіктері тиімді жұмыс істеуі тиіс. Ал сыртқы тәуекелдерге келсек, олардың қатарында геосаяси шиеленістің сақталуы мен әлемдік азық-түлік бағасының өсуі бар, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Наверх