Ұлытау облысында жолдарды жөндеуге жарияланған конкурстарда заң талаптары өрескел бұзылғаны анықталды. Сәтбаев қаласы мен Ұлытау ауданы әкімдігінің қызметкерлері сметалық құжаттамасы жоқ және мемлекеттік сараптамадан өтпеген жобаларға қаражат бөлген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сондай-ақ жолдарды күтіп ұстауға жауапты мердігерлермен көпжылдық келісімшарттар заңсыз жасалған. Прокурорлар араласқаннан кейін 1,5 млрд теңгенің төрт жобасы бойынша жұмыс тоқтатылды.
Бұл жағдай автомобиль жолдары сапасының төмендеуіне әкелетінін ескере отырып, прокурорлық қадағалау актісімен конкурстардың күші жойылды. Әкімдіктерге жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау қажеттілігі туралы ұсыныстар енгізілді, - дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Елдос Бөрлібаев.
Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу туралы заңды бұзғаны үшін 9 мемлекеттік қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.