Ұлыбританиялық ғалым Бөрлі тарихи ескерткішін зерттеп жатыр

16 Қараша 2022, 13:53
2186
Бөлісу:
Ұлыбританиялық ғалым Бөрлі тарихи ескерткішін зерттеп жатыр
Фото: автордан

Мыңдаған жылдар бойы Ертіс өңірін жайлаған ежелгі тайпалар алғашқылардың бірі болып жылқыны қолға үйреткен. Осындай байламға Ботай және Бөрлі археологиялық ескерткіштерін зерттеуге ден қойған ғалымдыр келді, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Солтүстік Қазақстан және Павлодар облысындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеуге шетелдік ғалымдар да атсалысып жүр. Олардың қатарында ұлыбританиялық археозоолог, профессор Алан Оутрам бар. 

Қазақстанда жүргізілетін археологиялық қазба жұмыстарына қатысамын. Менің ғылыми еңбектерім Қазақстанның Солтүстік бөлігіндегі далаларда тіршілік еткен Ботай типіндегі жылқыларды зерттеуге арналған. Бұл бағыттағы жұмыстарымды жалғастырып жүрген жайым бар. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай ескерткішіндегі археологиялық қазбаларға 10 жыл бойы араласып жүрмін. Палеонтологиялық кешендегі ежелгі жануарлардың сүйектерін зерттейміз, - дейді профессор. 

Қос елдің ғалымдары жылқылардың 5-6 мың жыл бұрын қолға үйретілгенін дәлелдейтін деректерді мысалға келтіруде. Мәселен, тарихи ескерткіштің аумағынан табылған қыш ыдыстардың құрамындағы органикалық заттарға жасалған химиялық сараптама Ботай қонысындағы адамдардың жылқы сүтін тұтынғанын көрсетеді. 

Ұлыбританиялық ғалым Бөрлі тарихи ескерткішін зерттеп жатыр

Осы тектес археологиялық ескірткіш Павлодар облысының Аққулы ауданында орналасқан. Торайғыров университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Виктор Мерц Бөрлі қонысын 2008 жылдан бері зерттеп келеді. 

Қазба жұмыстары кезінде жылқы сүйектері көптеп жатқан топырақ қабатын зерттедік. Біздің ойымызша, бұл – қолға үйретілген алғашқы жылқылар. Себебі, аңшылық барысында ұсталған жануар болса, сүйектері бір жерде шоғырланбас еді. Кейін Бөрлі тұзды көлінің аумағынан энеолит дәуіріне жататын ескерткіш табылды. Адамдардың қонысы Ботай дәуіріне тиесілі ескерткішке ұқсас келеді. Алан Оутрам жүргізген зерттеу нәтижесінде бұл жылқылардың генетикалық өзгерістерге ұшырағаны анықталып, қолға үйретілгені дәлелденді. Десе де, бұл тақырыптағы талқылаулар жетіп артылады. Сенімсіздік танытушылар да бар, - дейді Виктор Мерц. 

Ғалымның айтуынша, жылқылардың ерте формасы үшінші мыңжылдықтың соңына дейін тіршілік етті. Ал үшінші-екінші мыңжылдықта Понто-Каспий даласынан үй жылқысының жаңа түрі келді. Жануар жақсы қолға жақсы үйретілген болып шықты. Жануардың бұл түрін ерте қола дәуірінің тайпалары қолға үйреткен. Бұған тұяқтылардың ағзасындағы генетикалық өзгерістер дәлел. 

Археологтар Ботай және Бөрлі ескерткіштері – Қазақстанның ғылыми қауымдастығы үшін ғана емес, әлемдік археология үшін аса маңызды жаңалық. Себебі, осы дәуірден жылқы малын қолға үйрету кезеңі басталған. 

Өзгелердің жаңалығы