Волонтерлік жобалармен 10 жыл бойы айналысып келемін – Ұлыбек Қиманов

23 Қаңтар 2020, 16:17
1989
Бөлісу:
Волонтерлік жобалармен 10 жыл бойы айналысып келемін – Ұлыбек Қиманов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадрлық резервінің финалистерімен кездесуі кезінде қоғамда пайдалы бастамаларды іске асыруға, оның ішінде волонтерлік қозғалысқа белсенді қатысу қажет екенін жеткізді. Осы ретте жастар кадрлық резервінің құрамына енген Ұлыбек Қиманов өзінің волонтерлік қызметі туралы баяндап берді.

2010 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқудан оралғаннан кейін біз белсенді жастармен Astana Alumni Association қоғамдық бірлестігін құрдық. Бірлестік аясында біраз маңызды іс-шараларды, соның ішінде балалар үйлеріне бару бойынша волонтерлік жобаны іске асырдық. Атап айтқанда, 2012 жылы біз Ақкөл балалар үйіне барып, кәсіби бағдар беру іс-шараларын өткізіп, әртүрлі салалардың кәсіби мамандарын алып бардық. Бұл іс-шара есімізде ұзаққа қалды, себебі оқушыларға жетістікке жеткен адамдардың еңбек жолы негізінде өмірде түрлі бағытта табысқа жетуге болатынын көрсете білдік. Мен кейін бұл тәжірибені жеке өзім жалғастырып, жоғары сынып оқушыларына құрылыс, қала құрылысы және жылжымайтын мүлік саласы туралы айтып беруді дәстүрге айналдырдым, - дейді Ұлыбек. 

Қазақстанда 2020 жыл "Волонтер жылы" деп жарияланды. Ұлыбек Қимановтың айтуынша, бұл қоғамда пайдалы бастамаларды іске асыру үшін өз уақытыңды арнаудың тамаша мүмкіндігі. 

Жастар резервіне өткен 300 жас үшін еріктілер қозғалысының алдыңғы қатарында болады деп сенемін. Себебі біздің көбіміз жоғары сынып оқушыларын өз қызметіміз арқылы жаңа бастамаларға қанаттандырып, барынша көмек беруіміз қажет. Қазіргі уақытта Семей қаласына баруды жоспарланып отырмыз. Біз онда бастамашыл топпен көптеген мектептерді аралап, жоғары сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырамыз. Бұл бастаманы одан әрі бүкіл ел ауқымында дамыту көптеген жас балалар мен қыздардың өмірін одан әрі жақсартуға ықпал етуі мүмкін, - деді резерв мүшесі.

Оның пікірінше, кәсіби бағдар беру дәрістерінен басқа экологиялық акцияларға, әлеуметтік жобаларға, құқықтық кеңестерге де қатысуға болады. 

Ең бастысы – өз уақытың мен кәсіби қабілетіңді адамдар пайдасы үшін жұмсау. Осындай маңызды әрі пайдалы қозғалысты өз бетінше ұйымдастыруға, қосылуға және қатысуға шақырамын!, - дейді Ұлыбек Қиманов.


Өзгелердің жаңалығы