Торғайда өткен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерей тойында жергілікті ғалым жазушылар марапатталды, деп хабарлайды Қостанай облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Қос арыстың қоладан құйылған еңселі ескерткішінің ашылу салтанатынан кейін алыс-жақыннан ат терлетіп келген қонақтар Торғай ауылындағы Ахмет пен Міржақып мұражайын тамашалады. Себебі, дәл осы музейге ұлт ұстазының мерейтойы қарсаңында күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Ел қазынасынан жөндеу жұмыстарына 170 млн теңге бөлінген музей толығымен жаңарып, адам танымастай өзгерген.
Торғай жеріне арнайы келген мемлекеттік сыйлықтың иегері, ғалым, жазушы Қойшығара Салғараұлына жергілікті халық алғыстарын айтып жатты. Жалпы тойға жиналған ел мен мәртебелі меймандар мүсінші Жеңіс Жұбанқосов жасаған ескерткішке жоғары бағаларын беруде.
Тойдың шарықтау шегінде Торғайда «Ұлтына ғұмырын арнаған ұлы тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда Қазақстан Республикасы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Торғай жұртына арнаған құттықтау хатын оқып берді.
Ұлт ұстазы, аса көрнекті ғалым, ағартушы, тарихи тұлға Ахмет Байтұрсынұлының саяси және рухани мұрасы - біз үшін сарқылмас қазына. Осы орайда талай тектіні түлеткен қасиетті Торғай жерін түлету жолында қауқарлы жобалар дайындалып жатыр. Мемлекет басшысы ел дамуының жаңа тарихи кезеңінде өңірлерді өркендету мәселесіне баса мән беріп отыр. Осы бағытта тиісті салаларға нақты тапсырмалар берілді. Алдағы міндеттерді нәтижелі орындау үшін Парламент жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр,- деді өз сөзінде Мәулен Әшімбаев.
Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арналған Конференцияда белгілі зиялы қауым өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері де сөз сөйледі. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай арнайы мерейтойлық медалі шығарылып, түрлі сала өкілдеріне салтанатты түрде табыс етілді.
Мерейтойлық медальмен елдің рухани мәдениетіне сүбелі үлестерін қосып жүрген аға буын өкілдері, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына атсалысқан азаматтар марапатталады. Олардың қатарында мәдениет саласының үздігі, өлкетанушы, Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешенінің басшысы Гүлбану Сәрсекей, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейінің реэкспозициясының авторы Данияр Хайруллин бар екенін айта кеткеніміз жөн болар.
Қостанай облысының әкімдігі тағайындаған дәстүрлі «тіл жанашыры» сыйлығы биылғы жылы Ахаң мұрасын зерттеген қостанайлық ғалымдарға беріледі. Олардың арасында белгілі ақын, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Оспановқа ұлт ұстазының өмірі мен қызметін зерттеген еңбегі және рухани мұрасын насихаттағаны үшін 1 миллион теңге табысталды. Биыл Серікбай ағамыздың «Ұлт ұстазы» кітабы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен Түркиядан басылып шықты.
Тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Легкийдің Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің белгісіз қырларын зерделеуге арналған монографиясы үшін бес жүзмың теңге ақшалай сыйлық тапсырылды
Филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықтың алаш ардақтысының ұстаздық қызметіне арналған монографиясы жақында жарық көрген болатын. Ғалымның еңбегі елеусіз қалмады. Олда бес жүз мың теңгемен марапатталды.
Оның сыртында ауданның дамуына еңбек еткен бірқатар ел азаматтары «Жангелдин ауданының құрметті азаматы» атанды. Мәдениет саласының үздігі, мәдениет ардагері, ұзақ жылдар бойы ауданның өнерін дамытуға ерекше үлес қосып, халық театрының жұмысын жандандырған Рысты Ерденова Жангелдин ауданының құрметті азаматы атанды.
Ахмет мұрасы бізге аманат болатын. Өкінішке орай кезіндегі кереғар саясаттың кесерінен біздің асылдарымыздың ел үшін төккен тері ақталмай келді. Соның ішінде Ахаң да бар еді. Мен осы мақсатта келер ұрпаққа баба аманатын жеткізу жолында еңбек еттім. Бүгін ұлт ұстазын туған елі ерекше еске алып құрмет көрсетуде. Бұны ұрпақтар сабақтастығы деп атауға болады,- дейді ақын Серікбай Оспанов.
Той түстен кейін Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған Сарытүбек қонысы мен Ақкөл ауылында жалғасын тапты. Ол жерде. Ахаңның атақонысы Сарытүбектегі қорымда ұлт ұстазының әкесі Байтұрсын мен ағасы Қали жерленген. Дәл осы арада бабалар рухына арналып ас берілді.
Дүбірлі тойдың соңы аудан орталығындағы «Топжарған» орталық стадионда мерекелік концертке ұласты. Онда тек Ахаңның әндері ғана емес, Тобыл-Торғай өңіріне арналған әндер де шырқалды. Тойға әннен шашу шаша келген кеш қонақтары Анар Мұздаxанова, Ардақ Балажанова, Шаxаризат Сейдаxмет, «Қоңыр» тобы және Қуандық Раxым сынды танымал өнер жұлдыздары Торғай жерін ән мен жырға бөлеп, халықтың көңілдерін бір көтеріп тастады. Мерекелік концерт Шахаризат бастаған барша торғайлық өнерпаздардың орындауында «Айналайын, Торғайым» әні орындалып, кеш мәресіне жетті.
Осы той барысында ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстар өткізілгенін айта кеткен жөн. Ұлт ұстазының 150 жылдық тойына орай өтетін ат жарыс мен қазақ күресіне қатысу үшін елдің түкпір-түкпірінен шашасына шаң жұқбас жүйріктер мен апай төс атан жілікті балуандар толығымен Торғай жеріне жиналды. Спорттық жарыстарға үш бірдей автокөлік тігілді. Сонымен балуандар арасындағы бәсекеде жауырыны жер иіскемеген ақтөбелік Еламан Ерғалиев жеңіске жетті. 10 шақырымдық құнан бәйгеде Алматыдан келген «Хансұлтан» аталатын жүйрік алдына қара салмаса, аламан бәйге 25 шақырым да алматылық «Жұмбақтастың» бағы жанып, иесіне қымбат темір тұлпарды тізгіндетті.