Ұлы тұлғалардың бейнесін жаңаша сомдаған суретші

30 Наурыз 2021, 19:25
6051
Бөлісу:
Ұлы тұлғалардың бейнесін жаңаша сомдаған суретші
PHOTO

 

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы кездері әлеуметтік желіде танымал ұлы тұлғалардың қазіргі заманға сай киінген иллюстрациялары пайда болды. Сықиып киініп, қымбат көліктің жанында тұрған Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынұлының суреттері және ерекше стильдегі Абай Құнанбайұлы, Әлихан Бөкейхан, Шәмші Қалдаяқовтың иллюстрациясы көпшіліктің назарын аудартқаны белгілі.

Бұл иллюстрациялардың барлығын талдықорғандық дизайнер Ернар Бексұлтан жасап, әлеуметтік желіде жариялап отырады. Көпшілік суретші бүгін тағы кімнің иллюстрациясын шығарады екен дейтін жағдайға жетті десек, артық болмас. Өйткені ол біз бұрыннан көріп келе жатқан суреттерді өңдеп, басқа қырынан көрсетеді, әсіресе, жастарға ұнайтындай етіп жасайды. 

Ұлы тұлғалардың бейнесін жаңаша сомдаған суретші


 

Өзінің тың дүниелерімен халықтың көзайымына айналған суретшімен тілдесіп, алдағы уақытта ол қандай туындыларымен таңғалдырғалы жатқанын сұрап, білген едік. 

Ұлы тұлғалардың бейнесін жаңаша сомдаған суретші


 

Ернар Бексұлтан бұдан ертерек өмір сүрген ұлы тұлғаларымыздың бірен-саран ғана суреті сақталғанын және ол халықты жалықтыра түскенін айтады. Сол үшін оларды жаңаша стильде бейнелеп, елдің қызыушылығын тудыратындай етіп жасауды қолға алғанын айтады. 

Ұлы тұлғалардың бейнесін жаңаша сомдаған суретші


 

Біріншіден, бәрімізге белгілі ғой: ұлы тұлғаларымыздың суреттері кем дегенде бір-екіден ғана. Тіпті кейбірінің бір суреті ғана сақталған. Үнемі соны көрген адам жалығады. Мен соларды жаңартқым келді. Екіншіден, қазіргі жастардың көпшілігін ақындар және басқа да тұлғалар қызықтырмайды. Кітап оқымайды. Фотоның ескі сақталған күйін де қараудан жалығады. Қарағысы келмейді. Мен сол сәтті пайдаланып, суреттерді жастарға қызықты ету үшін қазіргі заманға сай жасап, жаңартқым келді, - дейді ол.  

Ұлы тұлғалардың бейнесін жаңаша сомдаған суретші

Суретші жасап шыққан ұлы тұлғалардың суреттері кейбір оқырмандарға ұнамапты. Бірі мұның дұрыс емес десе, тағы бірі қоқаң-лоқы көрсетуге дейін барыпты. Дегенмен суретші кез келген адамның пікіріне құрметпен қарайды. 

 

Иә, халық даттап та, жақтап та жатады. Екі оймен де келісемін. Себебі, әр адамның өз ойы бар. Даттап жатқан оймен де келісемін. Даттап жатқандардың көбі патриот санатындағылар және дінге жақын адамдар десек те болады. Олар мұны «дүниеден кеткен адамдарды қорлау» деп ойлайды. Меніңше, олай емес. Ол - киім. Киімнен өзге ештеңе жасаған жоқпы. Онда тұрған не бар?! Барлық адам киім киеді. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, олар да құрметті адамдар, сыйлы адамдар. Олар да костюм-шалбар киеді, сондай киім үлгісінде жүреді ғой. Мен ұлы тұлғаларға арақ-шарап ішкізіп қойсам бір сәрі немесе шешіндіріп я болмаса шаштарын бояп қойсам, ол, әрине, үлкен қате. Мен өздеріне сай заманауи киімдерін кигіздім, - дейді суретші. 

Дизайнер танымал тұлғалардың иллюстрациясын жасағанда оларға сай келмейтін киімді жабыстыра бермейтінін айтады. Қазіргі аталар қалай киінетінін интернеттен қарап, ізденеді екен. Әсіресе, Еуропадағы егде жастағы кісілер не киетінін қарап отырады екен. Оның үстіне сол тұлғаның образына сай келетін стильді дәл беруге тырысады. 

Ернар бұл суреттерді қолмен салмайды, компьютер арқылы түрлі графикада жасап шығады. Қазіргі кезде қолмен сурет салатын дизайнерлер өте аз көрінеді. 

Ұлы тұлғалардың бейнесін жаңаша сомдаған суретші


 

Графикалық планшет деген құрал бар, ол электронды қағаз бен қарындаш, сол арқылы саламын. Фотоларды шынайы түрде алуға тырысамын. Бірақ алғашқы жасағанымда Абай мен Шоқанның шын бейнесін алсам, көпшілік шулап кетер, дұрыс түсінбес деп ойладым. Сол себепті Абайдың бейнесін сомдаған сүйікті актерім Болат Әбділмановтың образын алып, Абайға келтірдім. Шоқан Уәлихановтың да кинодағы образының түрін алып, соған келтірдім. Ал қалған иллюстрацияның барлығында шынайы суреттер, - дейді ол.  

Дизайнер жасайтын иллюстрациядағы тұлғалардың тізімін әлеуметтік желідегі жазылушылары жасайды екен.

Ұлы тұлғалардың бейнесін жаңаша сомдаған суретші


 

Оқырмандары хат жазып, әркім өзі қалаған тұлғасын атап, «осыған жасасаң» деп қолқа салып отырады екен.

Олар осындай бейнені жасап берші, осыны жасашы деп жекеме жазады. Сол тізім бойынша кезекпен шығып отырады. Бір бейненің иллюстрациясын жасау үшін 4-5 сағаттай уақыт кетеді. Кейде бір-екі күндей уақыт кетеді. Ол фотоларға байланысты. Ескі фото болса, оны детальдауға, өңдеуге 1-2 екі күндей уақыт кетеді, - дейді суретші.  

Ұлы тұлғалардың бейнесін жаңаша сомдаған суретші



Елімізге танымал тұлғалардың бейнесін жасауда Оспан батырдың иллюстрациясы ең қиыны болыпты. Фотосурет ескі болған сайын оны өңдеу де оңайға соқпайды екен.   

Ең қиыны Оспан батыр болды. Себебі суреті анық емес, сапасы нашар және бетіндегі детализациясы өте нашар. Сонымен, Оспан батырға үш күндей уақыт кетті. Ең қиыны сол болды. Басында қалпағы, үстінде «шубасы» болғанын және мылтықпен жүргенін білемін. Сол бойынша келтірдім. Бұл бейнені жасауға Түркістанның тұрғындары тапсырыс берді. «Оспан батырды көбі біле бермейді, сол себепті шығарып берсең, танымал етсек» деген еді. Көбі шынымен де Оспан батырды білмейді екен, - дейді Ернар Бексұлтан.  

Ұлы тұлғалардың бейнесін жаңаша сомдаған суретші

Суретші көбіне дүниеден өткен тұлғалардың бейнесін жасауға тырысатынын айтады. Көзі тірі тұлғалар фотоға түседі, студияларға барады, сондықтан олардың неше түрлі фотосы жеткілікті. Арасында «Шаншар» театрындағы Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшораның иллюстрациясын жасапты, себебі екі актердің өнеріне тәнті.

Ұлы тұлғалардың бейнесін жаңаша сомдаған суретші


 

Сондай-ақ әнші Роза Рымбаеваның да бейнесін жасап шыққан. Алдағы уақытта әлемге танымал тұлғаларды, оның ішінде есімі тарихта қалған қолбасшылардың, ел басқарған адамдардың да бейнесін жасағысы келеді.

Бастапқы идеямда тұлғалардың суретін жастарға заманауи түрде жаңартып ұсынып, түрлерін ұмытпай, жаттап алса деген ниет еді. Алдағы уақытта тек қазақ өкілдерін ғана емес, КСРО кезіндегі тұлғалардың бейнесін де салсам деп ойлап отырмын. Мәселен, Ленин, Сталин, Гагарин деген сияқты. Жалпы дүниеден өткен тұлғаларды жаңа қырынан көрсетсем деген жоспар бар, - дейді ол.  

Ұлы тұлғалардың бейнесін жаңаша сомдаған суретші


 

Танымал тұлғалардың иллюстрациясын жасағалы Ернарды дизайнер ретінде жұмысқа шақыратындар қарасы да көбейген. Алматы, Нұр-Сұлтан, тіпті Ақтөбе қалаларынан да жұмысқа шақырту түсіпті. Алайда суретші әзірге қандай да бір мекемеге жұмысқа тұрғысы жоқ. Ол тапсырыс алып, үйінде еркін жұмыс істегенді ұнатады. 

Осы суреттерді салғаннан кейін жұмысқа шақырғандар да көп болды. Әлі де шақырып жатқандар бар. Мүмкін кейін болатын шығар. Қазір тапсырыс алып, үйде жұмыс істеймін. Инстаграмға тек авторлық жұмыстарды ғана жариялаймын, одан бөлек үйде тапсырыспен суреттер саламын. Бұл иллюстрациялық жұмыстарға хобби ретінде қараймын. Негізінен мағыналы картиналар жасағанды ұнатамын. Бірақ кейінгі кезде осы тұлғаларды жаңартқанды ұнатып, соған кірісіп кеттім, - дейді суретші.  

Ұлы тұлғалардың бейнесін жаңаша сомдаған суретші


 

Ернар иллюстрацияларды жасағалы түрлі мекемелерден бұны алсақ, баннер ретінде ілесек деген ұсыныс айтатындар көбейіпті. Дегенмен суретші оған әлі келісімін бермепті. Оған біздің қоғам әлі дайын болмай, дұрыс қабылдамауы да мүмкін деген ойда. 

Осы жұмысты қолға алғалы мекемелер арасында суретімді ғимараттарға ілуге сұрап, тапсырыс бергендер де болды. Бірақ мен оны шығаруға бола ма, болмай ма, білмеймін деп келісім бермедім. Көпшілік бұны қалай түсінеді, мен білмеймін ғой. Әзірше баннер ретінде ілуге келіспедім. Тек әлеуметтік желі арқылы ғана тамашалауға болады дедім. Егер халық қолдап жатса, әрине, болашақта қала ішіндегі баннерлерге ілуге болады, - дейді дизайнер.  

Ұлы тұлғалардың бейнесін жаңаша сомдаған суретші


 

Ернар Бексұлтан 1995 жылы 27 наурызда дүниеге келген. Талдықорған қаласының тұрғыны. 2012-2017 жылдары Алматыдағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында архитектор мамандығы бойынша білім алған. Отбасын құрған, бір баласы бар. 
   


 

Өзгелердің жаңалығы