Ұлттық ядролық орталықта ашық есік күні өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің студенттері, республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері, Абай облысының жұртшылығы қатысты.
Қатысушылар кәсіпорынның жетістіктерімен, ғылыми-зерттеу базасының элементтерімен, атом ғылымын дамытумен айналысатын ғалымдардың еңбектерімен танысты.
Атап айтқанда, жаңа буын реакторларының қауіпсіздігі саласында ғылыми зерттеулер жүргізу үшін құрылған EAGLE эксперименттік стендіне барды. Стендте ядролық реакторлардағы актив аймақ отынының балқуымен болатын ауыр авария кезіндегі процестерді модельдеу және зерттеу бойынша эксперименттер жүргізіледі.
Дәл осы қондырғыда ҚР ҰЯО ғалымдары Жапонияның атом энергиясы агенттігінің қызметкерлерімен бірлесіп, натрий жылу тасымалдағышы бар шапшаң нейтрондардағы реактордың актив аймағының балқуымен болатын ауыр аварияның салдарын азайту бойынша техникалық шешімдер әзірлеуге арналған тың деректер алды.
Сонымен қатар қатысушылар сутегі және термоядролық энергетика технологияларын дамыту жұмыстары жүргізілетін Технологиялық біліктілік орталығына барды. Қолда бар эксперименттік база плазмалық технологияларды қолдану, жаңа материалдар мен жабындар жасау, перспективалық энергетикалық технологияларды дамытуға қолдау көрсету мақсатында қолданбалы зерттеулер үшін жаңа стендтер мен қондырғылар әзірлеу саласында ауқымды ғылыми-зерттеу және тәжірибелік- конструкторлық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді.
КТМ токамагында жұмыс істейтін ғалымдардың басқарылатын термоядролық синтез саласындағы жетістіктері де үлкен қызығушылық тудырды. Қонақтарға республикалықжәне халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар шеңберінде, соның ішінде термоядролық синтез энергиясын коммерциялық мақсатта пайдалану мүмкіндігін көрсетуге арналған ИТЭР халықаралық жобасына қолдау көрсету үшін орындалатын Ұлттық ядролық ортылығы жұмысының негізгі нәтижелері ұсынылды.
Айта кетейік, Ұлттық ядролық орталық - еліміздің атом саласының ең ірі және заманауи эксперименттік базасы бар жетекші ғылыми-зерттеу ұйымы. Оған ИВГ.1М және ИГР сияқты бірегей ядролық зерттеу реакторлары, Қазақстан Республикасына осындай ауқымдағы басқарылатын термоядролық синтез саласындаозық зерттеу қондырғылары бар 10 елдің қатарына кіруге мүмкіндік берген, әлемде баламасы жоқ қазақстандық КТМ термоядролық материалтану токамагы, реактордан тыс әртүрлі эксперименттер жүргізуге арналған қондырғылар мен стендтер, кең ауқымды физикалық және радиоэкологиялық зерттеулер жүргізуге арналған мамандандырылған зертханалар, халықаралық мониторинг жүйесіне енгізілген геофизикалық станциялар желісі кіреді.