Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ұлттық ұланның 450 сарбазы салтанатты түрде әскери ант қабылдады

12 Шілде 2025, 13:48
715
Бөлісу:
 Ұлттық ұлан
Фото: Ұлттық ұлан

Қарағанды қаласында орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде әскери ант қабылдау салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген 450-ге жуық жас сарбаз қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Бұл сәт олардың әскери өмірдегі алғашқы қадамы және Отан алдындағы қасиетті борыштарын атқарудың бастауы болды. Әскери ант — әр жауынгер үшін үлкен жауапкершілік пен адалдықтың символы. Салтанатты шарада сарбаздар Қазақстан Республикасы мен оның халқына жанқиярлықпен қызмет етуге дайын екендіктерін ресми түрде мәлімдеді.

Айтулы рәсімге сарбаздардың ата-аналары, туыстары мен жақын достары шақырылды.

Әскери бөлімнің командирі полковник Мақсат Қырғызбаев пен шақырылған қонақтар әскердегі қызмет — құрметті және маңызды міндет екенін атап өтіп, сарбаздарға жылы лебіздерін білдірді.

Әскери ант қабылдау сәті әр сарбаздың жүрегінде мәңгі қалады. Отан қорғаушы болу – батылдықты, табандылық пен адалдықты талап ететін асыл миссия, – деді полковник Мақсат Қырғызбаев.

Айта кету керек, қатарға жаңадан қосылған жас Отан қорғаушылар енді түзеу мекемелеріндегі қауіпсіздікті күшейтуге қатысатын болады.

Іс-шара соңында бөлім командирі ата-аналарымен жүздесіп, сұрақтарына жауап берді. Ант қабылдаған сарбаздар жақындарымен уақыт өткізуге босатылды.

Өзгелердің жаңалығы