Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбекші ауданында қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген 6506 әскери бөлімінің сарбаздары қолында пышағы бар ер адамның айналасындағылардың мазасын алып жатқанын байқайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әскери жасақ тәртіп бұзушыны бірден ұстап, оқиға орнына полиция экипажын шақырады.
Біз белгіленген бағыт бойынша қызмет атқарып жүргенбіз. Белгісіз азаматтың бұзақылық әрекетін көріп, оны тұтқындадық. Себебі, тұрғындарды қауіптен сақтау — біздің міндетіміз, - дейді әскери жасақ бастығы Александр Казеев.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тексеріс өткізілуде.
Дәл осы кеште, сағат 19.30 кезінде осы әскери бөлімнің тағы бір жасағы адасып қалған 6 жасар баланы кездестіреді. Балақай ойынның қызығына түсіп, ауданнан ұзап кеткен екен. Мән-жайды нақтылаған әскерилер бүлдіршіннің үйін тауып, ата-анасына тапсырады.
Қызметтің әр сәті маңызды. Қай уақытта қандай оқиға орын аларын алдын-ала білмейсің. Сондықтан, үнемі байқампаз, сақ, қырағы болу — ұландықтарға қойылатын негізгі талап, - деді жасақ бастығы қатардағы Дидар Қозыбай.