Ұлттық ұлан сарбаздары ант қабылдады

19 Шілде 2024, 03:21
382
Бөлісу:
Ұлттық ұлан сарбаздары ант қабылдады
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Әскери өмірдің айбыны саналатын Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 32 жыл қатарынан ел игілігі мен қоғамдық қауіпсіздік жолында табанды түрде қызмет етіп келе жатыр. Ширек ғасыр бойы өз қызметін мінсіз атқарған қуатты құрылымның қатары биыл да жас сарбаздармен толықты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматының қақ төрінде орын тепкен 5571 әскери бөліміне кеше ғана аяқ басқан жас сарбаздардың ант қабылдау шарасы өтті. Әскери ант қабылдау – Қарулы Күштердің қатарына қосылған әрбір жас сарбаздың басынан өткеретін рәсімі. Көпшілік алдында ел қорғауға әзір екендерін салтанатты түрде мәлімдеудің жауапкершілігі жоғары екені белгілі. Осы күндері 2024 жылдың бірінші шақырылым сарбаздары әскери бөлім аумағында түрлі оқу әдістемелік жиындарына қатысып, әскери тәртіпке бағынып, Жарғыға сай жүріп-тұрудың қыр-сырымен танысып жатқаны белгілі.

Ұлттық ұланның генерал-майор Талапкер Әміреев басқаратын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімінің жас жауынгерлері, маусым айының басынан бастап Жетіген елді мекенінде орналасқан 5574 әскери бөлімінің оқу орталығында жас жауынгер курсынан өткен болатын. Оқу орталығының жұмысына 5571 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Нұрлан Сүгралиев басшылық жасады.

Ұлттық ұлан қатарына Астана, Шымкент қалаларынан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау, Абай, Жетісу, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан бір ай бұрын шақырылған 600-ге жуық жас сарбаз аз уақыттың ішінде әскери тәртіпке үйреніп, алғашқы дайындық кезеңінен өтті. Ұлттық ұланның міндеттерімен танысты. Әскерге іштей тас-түйін дайындықпен келген кешегі бозбала бүгін сарбаз болып, Отанына адал қызмет етуге ант берді.

Ант қабылдау шарасы күні оку пункті орналасқан 5574 әскери бөлімнің алаңында салтанатты сап түзеді. Жеке құраманың оркестр ұжымы да салтанатты киімдерін киіп, үрмелі-соқпалы музыкалық аспаптарымен рухты әуендерді әуелетті. Әскери бөлім командирінің міндетін уақытша атқарушы поковник Әлібек Қабешов әскери антты қабылдау шарасын ашық деп жариялаған соң, оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Гимн шырқалып, еліміздің көк байрағы көтерілді. Мемлекеттік туды көтеру құқығы 3 оқу ротасының үздік сарбазы қатардағы жауынгер Ерасыл Нышанбайға берілді.

Тиісті бұйрық берілген соң сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдауға кірісті.

Өзгелердің жаңалығы