Ұлттық ұлан қарттарды мерекемен құттықтады

1 Қазан 2024, 12:42
462
Бөлісу:
Ұлттық ұлан қарттарды мерекемен құттықтады
PHOTO
Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметі

Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі Нұра ауданы әкімдігімен бірлесіп, Астана қаласында Қарттар күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сахна төріне шыққан өнерпаздар қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленіп, қазыналы қарттардың ақ батасын алды.

Ұлттық ұлан қарттарды мерекемен құттықтады

Мерекелік іс-шара Нұра әкімдігінің қолдауымен «Астаналық» саябақта өтті. Алғаш болып сахнада Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі өз өнерін паш етіп, көрермендер көңілін баурап алды. Артынша ансамбль солисттері «Ұлттың ұланымыз» әнін шырқаса, бишілері «Шалқыма» туындысымен көрермен көзайымына айналды. Әскери ансамбль солисті Бауыржан Тұрғынбаевтың «Дорогие мои, старики!» әнін естігенде қарттардың көңілдері босады. Ал Айбек Рымғали мен Айнұр Дәулетбаева жұбы ұлттық аспабымыз домбырамен халық әндерін шырқап, жабырқаған қарттардың көңілін бір серпіп тастады. Көңілді әндер легін «Мәдениет саласының үздігі» Ғайни Жұмашева мен Дихан Ильяшев жалғап, көрермендердің би алаңында жастық шақтарын еске алуларына себепші болды.

Ұлттық ұлан қарттарды мерекемен құттықтады

Аталмыш іс-шарада Астана қаласының Нұра әкімдігіне қарасты Үркер шағын ауданының өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салды. Бұдан бөлек 5573 әскери бөлімінің Құрмет қарауыл ротасының қарумен саптық дефилесі жиналған көрерменді таң қалдырды.

Бүгінгі концертте өнер көрсетуге Үркер шағын ауданының Роза Елубайқызы бастаған «Парасат» ансамблі мен «Балауса» балалар хоры шақырылды. Көрермендерге біз ұсынған концерттік бағдарламс ұнады деп ойлаймын. Қазыналы қарттарымызға ұзақ өмір, отбасына құт-береке тілеймін! - деді 5573 әскери бөлімінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы подполковник А. Дисенбеков.

Концерттік бағдарлама расында да көрермен қауымына, оның ішінде арнайы шақырылған қарттарымызға өте ұнады. Әр өнерпазға қошеметін аямай, аспан астындағы концерттің көркін қыздырды.

Қайырлы күн, ағайын! Бізді құрметтеп, өз өнерлерін көрсеткен Ұлттық ұлан Ән-би ансамбліне, Нұра әкімдігінің қызметкерлеріне және Үркер шағын ауданының Мәдениет үйіне алғысым шексіз. Бүгін олар бізге ұмытылысмастай тамаша көңіл-күй сыйлады. Концерттік бағдарлама өте қызықты да тартымды болды. Әсіресе Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасының өнеріне тәнті болдық. Қарт – ол қазына, ақылын алған ешқашан қор болмайды. Сондықтан үлкендерімізді сыйлап, осындай жайма-шуақ күндерде жолыға берейік, - деп өзінің ақ тілегін Елорда билер кеңесінің батагөй ақсақалы Ө. Айшуақов жолдады.

Ұлттық ұлан қарттарды мерекемен құттықтады

Концерттік бағдарлама Ұлттық ұланның Ән-би ансамблінің Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындауымее аяқталды. Көрермендер ду қол шапалақ соғып, алғысын айтып, шат көңілде тарқасты.

Өзгелердің жаңалығы