Ұлттық Ұлан экипажы Ауғанстаннан оралды

13 Қазан 2023, 12:15
814
Бөлісу:
Ұлттық Ұлан экипажы Ауғанстаннан оралды
Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы ауданында орналасқан әскери әуеайлаққа ҚР Ұлттық ұланының Y-8 ұшағы қонды, деп хабарлайды BAQ.KZ гвардияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бітімгершілік миссиясын орындаған Ұлттық ұлан экипажы Ауғанстан Ислам Әмірлігінің солтүстік-батысындағы Герат провинциясына гуманитарлық жүктерді жеткізіп келді.

8 офицер мен сержанттан тұратын әскери кеменің экипажы жер сілкінісінен зардап шеккен ауған халқына гуманитарлық жүктерді сәтті жеткізіп, Қазақстанға ойдағыдай оралды. Аталған елге барлығы 1659 тонна жүк жеткізілді. Оның ішінде азық-түлік, шатырлар, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары мен дәрі-дәрмектер бар.

Ұлттық Ұлан экипажы Ауғанстаннан оралды

Бұл менің алыс елдерге жасаған алғашқы сапарым болды. Бұған дейінгі тәжірибемде Тәжікстан Республикасына барған едім. Елге қайтарда Шымкент арқылы ұшып, аталған қалада әуе кемесіне жанармай құйдық. Жалпы Гераттан Астанаға дейінгі арақашықтық 2500 шақырымды қамтыды. Гераттағы әуе айлағының бір ерекшелігі – оның теңіз деңгейінен бір шақырым биіктікте орналасқанында. Ал аэродромның айналасында одан да биік таулар болды. Бізді ауған тарапы да, қазақстандық СІМ өкілдері де жылы шырайда қарсы алды. Ауған жерінде біз үш сағаттай ғана болдық. Жүктерді түсіріп, жанармай құйып алған соң бірден кері қайттық, – деді әуе отряды кемесі командирінің көмекшісі аға лейтенант Артем Жуков.

Ұлттық Ұлан экипажы Ауғанстаннан оралды

Герат провинциясының билігі ҚР Ұлттық ұланына гуманитарлық жүктерді жедел жеткізгені және қиын уақытта қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Қазақстан халқына, Қазақстан мемлекетіне және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа табиғи апаттан зардап шеккен ауған халқына көмек көрсеткені үшін алғысымыз шексіз. Сондай-ақ біздерге Өзбекстан, Араб Әмірліктері мен Түркия елдері де гуманитарлық көмек беріп, қолдау білдірді, – деді ауған халқының атынан Абдул Сатар.

Ұлттық Ұлан экипажы Ауғанстаннан оралды

Айта кетейік, авиация Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрамдас бөлігі ретінде қоғамдық тәртіпті қорғаудың жоғары әрі тиімді құралы болып саналады. Ол қысқа мерзімде және ұзақ қашықтыққа ішкі істер органдарының күштері мен құралдарын тасымалдауға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы