Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен Ұлттық ұлан Академиясы бастығының лауазымына полковник Артур Тоқышев тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жеке құрамына Академияның жаңа бастығын Ішкі істер министрінің орынбасары-Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақановтың өзі таныстырды.
Сонымен қатар құқықтық тәртіп әскерінің Бас қолбасшысы полковник А.Тоқышевке тәжірибесі мол офицер деп мінездеме беріп, Академияның жаңа басшысына қойылған барлық міндеттерді лайықты орындайтынына сенім білдірді.
Ұлттық ұланда полковник А. Тоқышевті барлығы жақсы біледі. Ол 5513, 7552, 6654 әскери бөлімдерінің командирлері болды. Қарулы Күштері Әскери академиясы мен Тұңғыш Президент– Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушысы болды. Артур Қалиақпарұлы Ұлттық ұлан үшін офицер кадрларын даярлау жөніндегі кадр саясатын қалыптастыруға және жүргізуге үлкен үлес қосатынына сенімдімін, - деді генерал-майор Еркін Ботақанов.
Артур Қалиақпарұлы Ресей ІІМ Ішкі әскерлерінің жоғары әскери командалық училищесінің курсантынан Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Бас штабы бастығының бірінші орынбасарына дейін қызмет жолынан өтті. Әр жылдары Ұлттық ұланның 5513 (Тараз қаласы), 7552 (Алматы қаласы), 6654 (Қаракемер кенті) әскери бөлімдеріне басшылық етті, Ұлттық қорғаныс университетінің жедел өнер және тактика кафедрасының аға оқытушысы болды. 2015 жылдың қазан айынан бастап Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Бас штабы бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Сондай – ақ Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының мемлекеттік құпияларды қорғау басқармасының жаңа бастығы-полковник Дінмұхамед Мырзатаев та жеке құрамға таныстырылды.