Бейжің, 2023 жылғы 21 наурыз – Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамы дәстүрлі түрде аталып өтті, деп хабарлайды BAQ,KZ.
Бұл туралы елшіліктің Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланды.
Мерекеге Бейжіңдегі қазақ елінің дипломаттары мен олардың отбасы мүшелері, Шанхай ынтымақтастық ұйымы хатшылығының және Қазақстан ұлттық компаниялары өкілдіктерінің қызметкерлері, сондай-ақ Қытайдағы қазақ диаспорасының өкілдері мен Қытай жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер қатысты.
Салтанатты іс-шара аясында Қытайдағы танымал жазушы, Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесінің бұрынғы депутаты, Абай Құнанбайұлының шығармаларын қытай тіліне аударған қандасымыз Ақбар Мәжит жиналған қауымға ақ батасын берді, - делінген хабарламада.
Елшілік мерекелік концерт ұйымдастырды, онда Бейжіңде жұмыс істейтін дипломаттар мен қазақстандықтардың балаларымен бірге жергілікті қандастар әртүрлі қойылымдарымен өнер көрсетті.
Әртістердің орындауындағы «Наурыз мереке», «Наурыз-Думан» сияқты қазақ әндері, «Балдырған», «Аққулар» сынды билері жиналған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар «асық ату», «арқан тарту», «тоғызқұмалақ» сияқты ұлттық спорт ойындары көпшіліктің көңілінен шықты.
Мерекелік жиында көпшілікке арналған ұлттық тағамдардың дастарханы молынан жайылып, Ұлыстың ұлы күніндегі басты тағам – «Наурыз көже» ұсынылды.