Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2017 жылғы Ұлттық сыныптауышына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, жүргізілген талдау шеңберінде жаңартылған ҚР ҰС жобасына 900-ден астам мамандық бойынша өзгерістер енгізу жоспарлануда, оның 839-ы жаңа болады.
Өзгерістер жобасы мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, ҚР Кәсіподақтар федерациясымен және «Атамекен» ҰКП-мен талқылау қорытындысы бойынша қалыптастырылды.
Сонымен қатар жұмыс берушілер қауымдастығының, Электрондық еңбек биржасында тіркелген жұмыс берушілердің, кәсіптік стандарттарды әзірлеушілердің және Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласының ұсыныстары ескерілді.
№ 1 «ҚР ҰC 01-2017 Кәсіптер сыныптауышына» өзгерістер жобасы стандарттау жөніндегі Ұлттық органның интернет-ресурсында орналастырылған (www.ksm.kz) «Талқылау» – «Стандарттар» – «ҚР ҰС жобаларын талқылау» бөлімінде оларға өз ұсыныстары мен толықтыруларын беруге болады, олар 2023 жылдың 1 қазанына дейін қабылданады.