Ұлттық құрылтай отырыстарында қандай мәселелер шешімін тапты

Ұлттық құрылтай отырыстарында қандай мәселелер шешімін тапты

2024 жылғы 18 наурызда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысының нәтижесінде 10 заң жобасына бастамашылық жасалып, 9 заң қабылданды. Бұл заңдар мемлекеттің әлеуметтік, мәдени, экономикалық және құқықтық салаларын қамтып, Қазақстан қоғамының дамуына ықпал етуді көздейді. BAQ.KZ тілшісі нәтижелерге тоқталып, өзгерістерді тізбектеп көрді.

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысының нәтижесінде жасалған 10 заң жобасына нақты тоқтала кетейік. 

1. Әйелдердің құқытары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша түзетулер:

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны күшейту (педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру) және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің алдын алу шараларының тұтас кешені. 

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 15 сәуірде қол қойды.

2. Вейптер мен түтінсіз темекі өнімдеріне тыйым салу бойынша түзетулер:

Электрондық тұтыну жүйелерін (вейптер) әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық заңнамалық тыйым салу.

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 19 сәуірде қол қойды.

3. Мемлекеттік наградалар туралы түзетулер:

«Айбын» орденінің дәрежелеріне Ұлы Отан соғысы батырларының есімдері берілді (Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев). Жаңа үлгідегі алғашқы марапаттар 2024 жылдың 6 мамырында табыс етілді. 

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 26 сәуірде қол қойды.

4. Онамастика мәселелеріне қатысты түзетулер:

Енді барлық атауларды өзгерту және беру орталық уәкілетті органмен келісілуі керек.

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 5 шілдеде қол қойды

5. Символиканың ортақ стандартына қатысты түзетулер:

Әкімдік өңірлік рәміздерді мемлекеттік рәміздерді пайдалану жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған және мәслихат бекітетін ережелер негізінде әзірлейді.

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 5 шілдеде қол қойды.

6. Құмар ойындар, лотереялар мен олардың қызмет мәселелеріне түзетулер:

Шамамен 3,5 миллион адамды құрайтын Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енген тұлғаларға қатысты шектеу шараларын енгізу. Мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салу. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың сыртқы жарнамасына, сондай-ақ ұялы телефондарға жарнамасы бар мәтіндік хабарламалар жіберуге тыйым салынды. Шетелдік букмекерлік кеңселердің, лицензиясы жоқ тотализаторлардың және онлайн казинолардың интернет ресурстарына толық тыйым салу. Лудоманиядан зардап шегетін азаматтарды оңалту бойынша бірқатар шаралар қарастырылған.

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 8 шілдеде қол қойды.

7. Табиғи объектілер қорғау мен вандализм бойынша түзетулер:

Вандализмге жататын: қоғамдық аймақтарды ластағаны үшін; бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін; тарих, мәдениет ескерткіштерін, табиғат кешендерін, сондай-ақ ерекше тарихи, ғылыми, өнер немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін жазаны күшейту.

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 8 шілдеде қол қойды.

8. Құрметті атақтар бойынша түзетулер:

Мемлекеттік наградалар жүйесіне 9 жаңа құрметті атақ қосылды (қолданыстағы 6 құрметті атаққа қосымша). Ғалымдар мен өнертапқыштарға, инженерлерге, сәулетшілер мен құрылысшыларға, кеншілерге, геологтарға, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы саласы қызметкерлеріне арналған құрметті атақтар қосылды.

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 30 желтоқсанда қол қойды.

9. Есірткі жеткізушілер мен өндірушілердің жауапкершлігін саралау бойынша түзетулер:

Бұл қылмысты алғаш рет жасаған қарапайым есірткі жеткізушілері немесе «есірткі сатушылар» деп аталатындар үшін жаза жеңілдетілді. Сонымен бірге, есiрткi заттарын өндiру мен өткiзудi ұйымдастырғаны үшiн қылмыстық жауаптылықты, оның iшiнде өмiр бойына бас бостандығынан айыруды қоса алғанда, қатайтатын нормалар енгiзiлдi. Синтетикалық есірткі компоненттерінің заңсыз айналымы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Мемлекет басшысы 2025 жылғы 2 қаңтарда қол қойды.

10. Археология саласындағы түзетулер:

Археологиялық қызметті ретке келтіру және археология саласындағы заңнаманы жетілдіру, оның ішінде лицензиялауды оңтайландыруды және заңсыз археологиялық қазбалар үшін жазаны қатайтуды көздейді.

Мәжіліс комитеті 2025 жылғы 29 қаңтарда жұмысқа қабылдады.

Бөлісу: