Атырау қаласында өткен дәстүрлі ІІІ Ұлттық Құрылтай отырысы өтті. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық Құрылтай шешімдері – ел дамуының жаңа бағдары болып табылады, дейді Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Алия Алимжанова.
ХХІ ғасырда ұлт үшін маңызды болған мәселелер көтеріліп, жүзеге асу жолдары айқындалды. Ұлтты біріктіретін бастамашыл идеялар, сан жылдар көлемінде қалыптасқан дәстүріміздің заманауи жаңғыруы, тарихымыздың өзекті мәселелері, қазақ тілінің болашағы сияқты маңызды мәселелер сөзсіз терең әрі кешенді насихаттауды талап етеді. Әсіресе жаһандану заманында бұл өзекті болып тұр. Еліміздің болашағы болып табылатын жастар арасында Ұлттық Құрылтай шешімдерін насихаттап, түйінді ойларына сай болу ісі кезек күттірмейтін мәселе, - дейді профессор.
Осы орайда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы аталған маңызды міндетке жауапкершілікпен қарап, 20-28 наурыз аралығында «Ұлттық құрылтай: ел дамуының жаңа бағдары» атты апталық өткізген.
Апталық ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі арнайы медиа-жоспарға сай ұйымдастырылды. Апталықтың мақсаты Ұлттық құрылтайдың негізгі мақсаты мен қызметі туралы жан-жақты ақпарат беріп, қоғамды біріктіріп, дамытатын идеяларды студент жастарға насихаттау болып табылады. Апталық барысында қоғамдық-пәндер оқытушылары дөңгелек үстел, пікір-алмасу, топтық жұмыс, семинар жұмыстарын өткізді.
Ұлттық құрылтай барысында көтерілген мәселелер бүгінгі оқу үдерісінің де өзекті мәселелерін қамтып отыр. Әсіресе қоғамдық-гуманитарлық пәндерді оқыту ісіне ерекше жауапкершілік жүктелуде. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі жастар үшін Философия, Қазақстан тарихы, Қазақ тілі сияқты пәндердің білім мазмұны аса қажет екендігін атап өтті. Мысалы қазақ тарихының аса бір өзекті тақырыптарының бірі Алтын Орда дәуірі саналады. Ұлттық құрылтай барысында Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толғандығы және студент-жастарға көшпелілер құрған алып империяның тарихи мұрасын оқыту, ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялы қауым өкілдерінің қоғамдық-саяси қызметі сияқты өзге де маңызды мәселелерді айқындады. Сонымен қатар қоғамдағы қазақ тілінің мәртебесі, азаматтар тарапынан сұранысқа ие болуы да бүгінгі білім беру үдерісімен сабақтасып жатыр. Қазақ халқының тек өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Мұндай мәдени код сан ғасырлар көлемінде қалыптасып, бүгінге дейін жетті. Мәдени код – ұлттың мақтанышқа толы қасиеттерін дәріптеп, өзіндік философиясы, дүниетанымына мән беру арқылы келетіні түсінікті. Көшпелілер мәдениетінің мәні, өркениеті түсінігі, салт-дәстүріміздің замануи түсініктері сияқты тақырыптар бүгінгі студент-жастарға көп пайдалы, - дейді ұлағатты ұстаз.
ХХІ ғасырдың басты ерекшелігі – ұлттық құндылықтар мен дәстүрге ерекше мән беру екендігін айтады.
Жаһандану жағдайында көп халықтар үшін өзге де мәдениет пен өркениетке сіңісіп, өзіндік болмысын жоғалту қаупі туындап тұр. Ұлттың өзіндік болмысын сақтап қалудың бір жолы ұлт үшін өзекті болған мәселелерді жүйелі түрде оқытуды жалғастыру болып табылады, - деді философия ғылымдарының кандидаты А.Ш. Алимжанова.