Әзірбайжан астанасы Бакуде таеквондодан 26-шы әлем чемпионатының соңғы жарыс күні өтіп жатыр. Даянгқа шыққан Ұлттық құрама спортшысы Азиза Қаражанова (53 кг) мен Руслан Жапаров (+87 кг) 3-айналымда сүрініп, жүлдеге қол жеткізе алмады, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Азиза алғашқы айқаста кипрлық Нагия Каутишиды, сосын бразилиялық Лариса Насименто Росси Сантосты ұтты. Алайда 2018 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, тайбэйлік Поя Суға 2 раундта жол берді. Бүгін Поя 2-қазақстандық таеквондошыдан айласын асырды. Ол сары құрлық Олимпиадасында топ жарғанда жартылай финалда Фариза Алдоңғарованы жеңген.
Қытайлық спортшымен бірнеше ай бұрын Аустрия ашық чемпионатында кездесіп, 2-0 есебімен жеңгенмін. Бүгін қай жаңынан кем түскенімді білмеймін. Үйге барған соң кеткен қателіктерді талдап, тағы қайталанбас үшін жұмыс істеуім керек,-деді Азиза жекпе-жектен кейін.
Бәсекені 2-айналымнан бастаған аса ауыр салмақтағы Руслан Жапаров пәкістандық Хамза Омар Саидтан басым түскен. Осыдан кейін тарысты өткен айқаста түркиялық Эмре Куталмыш Атешлидің мықты екенін мойындады.
Түрік спортшысымен осыған дейін 2 мәрте жолығып, сенімді ұтқанмын. Физикалық дайындығым жақсы болды. Тек алғашқы раундта босаңсып, басыма бірнеше соққы тигізіп алдым. Сосын, таразы басын теңестірдім. Бірақ соңғы раундта 6-7 есебімен есе жібердім. Жалпы алғанда бұл әлем чемпионатына дайындығымыз жақсы еді. Қалай жеңіліп қалғанымды қазір түсіндіріп айта алмаймын,-деді Руслан Жапаров.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Батырбек Есдәулетов осы чемпионатта негізгі сенім тәжірибелі таеквондошыларға артылғанын жеткізді.
Өкінішке қарай, осы аптада бізге медаль алудың сәті түспеді. Үш спортшымыз жүлдеге бір табан жетпей жеңілді. Бәрі жақсы дайындалып келді. Десе де әлі бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруымыз қажет. Құрамаға 20 жасқа дейінгі біраз жас спортшы қосылғанын білесіздер. Бакуде тәжірибелі таеквондошылардан медаль күттік. Ойлағанымыз болмады. Қате өзімізден. Осы жарысқа келуімізге Мәдениет және спорт министрлігі, оның ішінде Спортты дамыту дирекциясы бар жағдайды жасады. Өз басым енді келген жас спортшыларға сенемін. Дұрыс жұмыс істесек, олар үлкен жеңіске жете алады,-деді ол СДД баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Жалпы биылғы додаға 145 елден мыңға тарта таеквондошы жиналды. Биылғы дода Халықаралық таеквондо федерацясының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Мұнда Париж Олимпиадасына қажет ұпайлар сарапқа салынды. Әр салмақтағы әлем чемпиондары 140 балл алса, күміс жүлде үшін 84, қолаға 50 ұпай берілді.
Қазақстан былтыр Мексикада болған әлем чемпионатында да жүлдеге қол жеткізе алмаған.