Ұлттық құндылықты насихаттау бағдарламада жоқ – Тұрар Сәттарқызы

18 Қазан 2023, 12:21
782
Бөлісу:
Ұлттық құндылықты насихаттау бағдарламада жоқ – Тұрар Сәттарқызы
Фото: автордан

«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тұрар Сәттарқызы Қазақстанның ХI Азаматтық форумы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз Астанадағы ұлттық құндылықты, патриотизмді, салт-дәстүрді насихаттап жүрген бірден-бір қоғамдық бірлестік болғаннан кейін осындай форумның күн тәртібінде осындай мәселе көтеріле ме, айтыла ма екен деген ойда келдік. 30 жылдан астам уақыт көптеген мәселелермен күресумен келдік. Зорлық-зомбылықпен күрес, суицидпен күрес, ажырасумен күрес. Бірақ алдын алумен айналысып жүрген біз сияқты үкіметтік емес ұйымдардың мәселесі, өкініштісі, форум бағдарламасында жоқ, - деді ол.

Бірлестік төрайымы қоғамдық ұйымдар қоғам мен биліктің арасындағы көптеген түйінді мәселелерді шешетінін айтты. Сондай-ақ ҮЕҰ-ға бөлінетін грант мәселесін қозғап кетті.

Республикалық деңгейде үкіметтік емес ұйымдарға бөлінетін гранттар бар. Бірақ сол 20-ға жуық грант бағыттарының ішінде әртүрлісі болғанымен, ұлттық құндылық, салт-дәстүр, патриотизм деген бағыттың жоқ екенін айтып өткім келеді. Осы бағытта да жұмыс істеу керек деп ойлаймын, - деді ол.

Балабақшалармен, мектептермен, ата-аналар қауымдастығымен жұмыс істеп, түрлі кездесулер өткізіп, этноауыл құрып, салт-дәстүрді насихаттаумен айналысатын «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы қоғамдағы мәселелердің түп тамыры жөнінде де ой бөлісті.

Қоғамда болып жатқан өзекті өртейтін мәселелердің барлығының түп тамыры ұлттық, рухани тәрбиеден алшақтап кеткенімізден, - деді Тұрар Сәттарқызы.

Өзгелердің жаңалығы