Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері мен мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерімен өткен кездесуде Ұлттық қор қаражатын перспективалы жобаларға инвестициялау тәсілдері туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кездесу барысында Ұлттық қордың жалпыұлттық маңызы бар ірі жобаларды қаржыландыруға қазірдің өзінде қатысып отырғаны атап өтілді. Бұл процесс Самұрық-Қазына АҚ арқылы борыштық қаржыландыру тетігі аясында жүзеге асырылып келеді.
Атап айтқанда, қор қаражаты есебінен «Достық – Мойынты» теміржол желісі мен «Талдықорған – Үшарал» магистральды газ құбырының құрылысы секілді маңызды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылған.
Сондай-ақ жергілікті экономиканы стратегиялық дамыту мақсатында мемлекеттік қолдау, соның ішінде Бәйтерек холдингінің облигациялық қарыз тартуы арқылы жүзеге асырылып келеді, - дейді ол.
Тартылған қаражат орта және ірі бизнесті несиелеуге, сондай-ақ холдингтің еншілес ұйымдары арқылы шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.
Сонымен бірге Ұлттық қордың стратегиялық міндеттерді іске асыруға қатысуының қолданыстағы тетіктері негізінен жеңілдетілген шарттармен қаржыландыруды көздейтіні атап өтілді.
Бұл қордың инвестициялық табыстылығын толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты экономиканы инвестициялаудың жаңа тәсілдері нарықтық қағидаттарға және суверенді қорларды басқарудағы озық халықаралық тәжірибеге негізделуі тиіс.
Әлия Молдабекованың айтуынша, инвестициялардың жоғары табыстылығын қамтамасыз ету – қор активтерінің өсуі мен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының табысты іске асуының негізгі шарты.
Ұлттық қор қаражатын инвестициялаудағы жаңа тәсілдер нарықтық қағидаттарға сүйенуі қажет. Бұл қор активтерінің өсуіне және әлеуметтік міндеттемелерді ұзақ мерзімде тұрақты орындауға мүмкіндік береді, – дейді Ұлттық Банк төрағасының орынбасары.
Ұлттық экономиканы суверенді қорлар арқылы инвестициялау моделі халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады. Бағдарламаны әзірлеу барысында Біріккен Араб Әмірліктерінің Mubadala, Жаңа Зеландияның NZ SuperFund және Канаданың CPP Investments суверенді қорларының тәжірибесі ескерілген.
Оның дерегінше, Mubadala қоры ішкі экономикаға инвестициялардың 22 пайызына дейінін, Жаңа Зеландия – 11 пайызға дейінін, ал CPP Investments – 12 пайызға дейінін логистика, энергетика, технологиялық сектор және инфрақұрылым салаларына бағыттайды.
Бағдарлама аясындағы инвестициялардың жалпы көлемі 1 млрд АҚШ долларын құрайды. Қаржыландыру Ұлттық қордың баламалы инвестициялық құралдар портфелі есебінен жүзеге асырылады. Инвестициялар жеке капиталға – 500 млн долларға дейін, инфрақұрылымға – 200–250 млн доллар, жеке қарызға – 200 млн долларға дейін және венчурлық капиталға – 50-100 млн доллар аралығында бағытталады.
Бағдарламаның операторы ретінде Ұлттық банктің еншілес ұйымы – Ұлттық инвестициялық корпорация АҚ белгіленді.
Инвестициялар технологиялық секторды, логистика мен көлікті, денсаулық сақтау мен білім беруді, ауыл шаруашылығын, цифрлық инфрақұрылымды, бизнес-қызметтерді, қаржы секторын және өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталмақ.
Инвестициялардың негізгі бөлігі – портфельдің 70 пайызына дейін – Қазақстан аумағындағы жобаларға жұмсалады. Қалған қаражат Орталық Азия мен Кавказ елдеріне инвестицияланады, - дейді ол.
Сонымен қатар халықаралық басқарушыларды тарту инвестициялық жобалардың коммерциялық әлеуеті мен тәуекелдеріне тәуелсіз әрі объективті сараптама жүргізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта Мемлекет басшысының 2025 жылғы 5-7 қарашада Вашингтонға жасаған сапарының қорытындысы бойынша Cerberus Capital Management L.P., Brookfield Asset Management LLC және Ashmore Investment Advisors Corporation компанияларымен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылған.
Бұған дейін Ұлттық қордан әр балаға қанша теңге аударылатыны белгілі болған еді.