Ұлттық палатада кәсіпкерліктің дамуы талқыланды

11 Наурыз 2023, 10:39
1088
Бөлісу:
Ұлттық палатада кәсіпкерліктің дамуы талқыланды

Бүгін «Атамекен» ҰКП алаңында бизнес-қоғамдастық өкілдері креативті индустрияны дамыту секторындағы мәселелерді айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуге 70-тен астам кәсіпкер, Ұлттық палата басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов, Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, сондай-ақ «Kazakh Tourism» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов қатысты.

Креатив индустрияны дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, бүгінде әлемде креатив индустрия – жаңа технологиялар, салалар, материалдық тауарлар және ел үшін маңызды экономикалық артықшылықтардың негізгі көзіне айналған. Сондықтан «Атамекен» ҰКП келіп түскен ұсыныстарды талқылау үшін бизнестің пен уәкілетті органның белгіленген кездесуіне бастамашы болды.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов креатив индустрия секторындағы кәсіпкерліктің маңызды мәселелеріне баса назар аударды.

«Қажетті инфрақұрылым елдің ірі қалаларында ғана бар. Сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен өңірлік бастамалардың іс-қимылы үйлестірілмеген.  Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілері мен шығармашылық қызмет туралы заңнаманы қолдау құралдары жоқ. Зияткерлік меншікті басқарудың тиімділігі мәселесі де өзекті болып қала береді», – деп атап өтті Мақсат Қиқымов.

 Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев жиында Президент 2022 жылғы 30 желтоқсандағы «Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру туралы» заңға қол қойғанын, оған сәйкес креатив индустриялардың дефинициясы айқындалғанын және жетекшілік ететін мемлекеттік орган ретінде заң жүзінде Мдениет және спорт министрлігі белгіленгенін атап өтті.

 «Креатив индустрияны шығармашылық зияткерлік қызмет шеңберінде қандай да бір тауар немесе материалдық емес өнім мен қызметті құру мен сатудан табыс табатын барлық кәсіпкер қалыптастырады. Шығармашылық салалар – дизайн, өнер, сән, кино, музыка, медиа, компьютерлік графика және білім беру. Қазіргі кезде 50-ден астам қызмет түрлі салаларға және түрлі министрліктерге қарайды», – деді вице-министр.

 Спикердің айтуынша, қазір Қазақстан халқының зияткерлік әлеуетін жүйелі және ұзақ мерзімді дамыту мен іске асыру үшін заңнамалық негіз құрылып жатыр. Қабылданған заңнамалық түзетулерді («Мәдениет туралы» заң, «Кәсіпкерлік кодекс») іске асыру шеңберінде 2023 жылдың I тоқсанында креатив индустрия қызметінің негізгі түрлерін (ЭҚЖЖ) және жеке кәсіпкерлік субъектілерін креатив индустрияға жатқызу өлшемшарттарын бекіту жоспарланған.

Сондай-ақ, вице-министр жергілікті атқарушы органдармен жұмысты үйлестірудің маңызын атап өтті.

«Креатив индустрия кешенді әрі орталықтандырылған тәсілді талап ететін жаңа сала. Бұл ретте, егер біз орталық мемлекеттік орган деңгейінде біліктілікті бекіткен болсақ, өңірлік деңгейде саланы кім басқаруы тиістігі туралы түсінік әлі де жоқ. Сондықтан әкімдіктерге жауапты құрылымдық бөлімшелерді анықтау мәселесін жеделдету қажет», – деді ол. 

«Kazakh Tourism» өкілдері айтқан жоспарлар мен перспективаларды талқылау барысында кездесуге қатысушылар креатив индустрияға жататын ЭҚЖЖ тізбесін қалыптастыруға мүдделі екенін атап өтті.

«Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы Қазақстанның адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты комитетінің төрағасы Талғат Доскенов заңда «креативті кәсіпкерлік» анықтамасы көрсетілмегенін атап өтті.

Жиынды қорытындылай келе, онлайн форматтағы креатив индустрияларға жататын ЭҚЖЖ тізбесі бойынша қосымша талқылау өткізу туралы шешім қабылданды. Шара соңында Ұлттық палата басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов келіп түскен ұсыныстарды жедел пысықтау үшін креатив индустрия бағыттары бойынша белсенді ынтымақтастық орнатып, жұмыс топтарын ұйымдастыруға дайын екенін атап өтті. 

Өзгелердің жаңалығы