Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордалық кәсіпкер Айгүл Оңғарбаева қолөнер бизнесімен 25 жылдан бері айналысады.
Ол өз тігін шеберханасы арқылы түрлі киімдер мен әшекей бұйымдар жасаумен ұлттық құндылықтарды дәріптеп келеді. Кәсіп иесі 6-шы рет өткізіліп отырған Ulttyq Ónim көрмесінде өз бизнесінің қалай бастау алғанын айтып берді.
Тігін шеберханасы 1996 жылдан бастап Қызылорда қаласында жұмыс істей бастады. Алғашында жеке тапсырыстар қабылдап, киім тігіп оны сатумен айланыстық. Кейін 2001 жылдан бастап перде тігуді қолға алдық. Сол кезеңнен бері кәсібіміз перде саласына түпкілікті көшті. Жылдар өте келе, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауының арқасында 2015 жылы, 2019 жылы және былтыр бизнесімізге субсидия алдық. Мемлекеттік көмек бүгінде кәсібімді Нұр-Сұлтан қаласынан да ашуға септігін тигізді. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында және елордамызда ұлттық нақыштағы дүкеніміз бар, - деді Айгүл Оңғарбаева.
Сондай-ақ Айгүл Оңғарбаева өзінің кәсібі арқылы 7 тігіншіні жұмыспен қамтып отырғанын айтты.
Мемлекеттік қолдау мен «Даму» қорының арқасында тігін машиналарын алуға қолым жетті. Өз кәсібімді одан әрі дамыту үшін былтыр 20-50 млн-ға дейін несие алдым. Осы күні шеберханам тігін құрылғыларының барлық түрлерімен қамтамасыз етіліп отыр. Нұр-Сұлтанға келгенімізге жарты жыл өтті. Бүгінде қала халқын ұлттық нақышта жасалған перде, жалюзи, ролл-перделер мен киім-кешек, үйге арналған өзге де тоқыма бұйымдарымен қамтамасыз етіп отырмыз, - деді кәсіпкер.