Алматыдағы Ұлттық кітапхана қоры құнды мың кітаппен толықты

9 Қаңтар 2020, 13:33
17106
Бөлісу:
Алматыдағы Ұлттық кітапхана қоры құнды мың кітаппен толықты
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін "Атамұра" корпорациясы Ұлттық кітапханаға бағалы 1000 кітабын сыйға тартты.

Табысталған кітаптардың қатарында "Атырау", "Қарағанды", "Маңғыстау", "Ақмола", "Астана" сынды аймақтық энциклопедиялармен бірге белгілі қазақ ғалымдарының және қоғам қайраткерлерінің еңбектері мен тарихи эциклопедиялар бар. 

 Көпшілік бізді оқулық шығаратын баспа ретінде біледі, шын мәнінде "Атамұра" корпорациясы көпсалалы, полиграфияның барлық түрімен айналысатын бірнеше мекеменің басын қосқан үлкен корпорация. Соның бір саласы көркем әдебиет шығару. Бүгінде екі сериямен кітаптар шығару жалғасып жатыр. Біріншісі "Атамұра кітапханасы" деп аталады. Ол ұлы Абай атамыз, М. Әуезовтан бастап қазіргі классик жазушыларымыздың еңбектерімен жалғасын табуда. Екіншісі, "Атамұра мектеп кітапханасы". Бүгін баспада жарық көрген құнды кітаптарды әкеліп отырмыз. Бұл іс өзге баспаларға да үлгі болса деген тілегіміз бар, - деді "Атамұра" корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхамед.
IMG_20200109_104033.jpg

Бүгінге дейін "Атамұра" корпорациясы еліміздің Тұңғыш президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қазақ және орыс тілдеріндегі "Ғасырлар тоғысында", "Тарих толқынында", "Сындарлы он жыл", "Бейбітшілік кіндігі", "Еуразия жүрегінде" атты кітаптарын басып шығарған. Сондай-ақ, "Атамұра" кітапханасы" сериясымен 150-дан астам ақын-жазушылардың туындылары, сонымен қатар балалар әдебиетін қолдау, насихаттау мақсатында "Атамұра" мектеп кітапханасы" сериясымен бүлдіршіндерге арналған қазақ және орыс тілдеріндегі көркем безендірілген кітаптар, ертегілер, мектеп жасындағы балаларға арналған танымдық кітапшалар басылып шыққан.

IMG_20200109_102840.jpg

Мәдениеттанушы, ғалым Мұрат Әуезов кітапханаға сыйға тапсырылған кітаптардың сапасы да, мазмұны да жоғары екенін айтады.

Мың кітапты сыйға тарту - бұл корпорация басшылығының үлкен азаматтық қадамы. Біз еліміздің Ұлттық кітапханасына барынша қолдау көрсетуіміз керек. Кітап жағынан ең үлкен қор осында сақталған. Эвакуация, репрессия жағдайларымен осындай әкелінген кітаптар көп, - дейді ол.
IMG_20200109_105449.jpg

Жиын барысында Ұлттық кітапхананың директоры Бақытжамал Оспанова кітапхана қорында "Атамұраның" кітаптары аз екенін, оның бәрін сатып алғанға қаражаттары жетпейтінін айтты. 

Оқырмандарымыз әрдайым осы баспадан шыққан кітаптарды іздеп жүреді. Бүгін міне, кітапханамыз құнды кітаптармен толығып отыр. Осындай сый жасап, кітапхана жұмысын дамытуға үлес қосып жатқан "Атамұра" басшылығына алғыс білдіреміз, - деді ол.  
IMG_20200109_103519.jpg

Аталған кітапханаға күнделікті 3 мыңнан аса оқырман келеді екен. Қорда 122 тілде жазылған 7 миллиондай кітап бар.  

Оқырмандардың 70%-ы пайызы жастар. Сондықтан қазіргі заманғы кітаптарға сұраныс жоғары, оның ішінде тарихқа, салт-дәстүрге қатысты көп іздейді, - деді кітапхана директоры.
IMG_20200109_110252.jpg

Сондай-ақ, Ұлттық кітапхана басшылығы Рақымғали Құл-Мұхамедті "Кітапхана ісінің үздігі" төсбелгісімен марапаттады.

Өзгелердің жаңалығы