Сарапшылар ұлттық теңгемізді әлсіретіп отырған негізгі үш факторды атады. Көп жылдан бері қордаланып келе жатқан экономикалық мәселені Ұлттық банктің қатаңдатылған саясаты шеше ала ма? Осы орайда BAQ.KZ тілшісі экономистердің пікірін білді.
Экономист Талғат Демесінов теңге валютасының әлсіреуіне үш фактор кері әсер ететінін айтты.
- Әлемдегі мұнай мен шикізаттың бағасы;
- Әлемдік геосаясат және Ресей экономикасындағы жағдай;
- Еліміздегі отандық өндірістің мәселелері.
Теңгенің бағамына көрші Ресейдің экономикасында болып жатқан өзгерістер айтарлықтай әсер етеді. Өйткені екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі жоғары деңгейде. Егерде Ресейдің рубльі долларға шаққанда құнсыздана берсе, бұл да теңгеге әсер етпей қоймайды. Сондықтан бірінші фактор - әлемдік мұнайдың бағасы болса, екіншісі рубльдің басқа да тұрақты валюталарға шаққандағы өзгерісі. Сонымен қатар егер елімізде экспорт көп, ал импорт аз болса теңгеміз күшейеді, егер керісінше импорт көлемі көбейе берсе, теңгенің долларға шақққандағы бағамы құнсыздана бермек. Демек Қазақстанға отандық өндірісті дамытып, экспортты арттыру керек. Бұл - теңгені күшейтетін ұзақ бағдарлама болуға тиіс. Мен біздің үкімет пен ұлттық банк тарапынан да ондай кешенді саясат көріп тұрған жоқпын. Біздің үкімет пен Ұлттық банк өрт сөндірушінің қызметін атқарып отыр. Яғни мәселенің себебімен емес, салдарымен күресуде. Сол себепті үкіметке алдын алу шараларымен айналысу қажет. Ол үшін жүйелі саясат керек, - дейді сарапшы.
Дональд Трамптың келуі елімізге қалай әсер етеді?
АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп 20 қаңтарда ресми түрде қызметіне кіріседі. Өздеріңізге мәлім ол уәдесін орындайтын адам. Ал оның саясатын көпшілік біліп отыр. Өзінің сайлауалды бағдарламасында елдің ішкі экономикасын дамытуға күш салатынын айтып келеді. Демек әлемдік нарықтағы мұнай бағасын төмендетіп, оған сұранысты азайту саясатын жүргізеді. Мұнай бағасы төмендеуі - Қазақстанға ауыр тиеді. Салдарынан Ұлттық қорға түсетін пайда азайып, доллар бағамы қайта көтеріледі деп болжаумызға болады. Ал бұл мәселелерге Ұлттық банктің шама-шарқы жете ме, алдағы 6 айда байқаймыз, - деді Талғат Демесінов.
Ақшаны қай валютада сақтаған дұрыс?
Доллар мен еуро әлемдік резервтік валюталарға жатады. Сондықтан ақшаны долларға айырбастап көп уақыт сақтау керек. Өздеріңізге мәлім осы уақытқа дейін теңге долларға шаққанда 100 есеге жуық құлдырады. Бұл процесс әлі жалғасып жатыр. Демек ақшасын ұзақ мерзімге доллар етіп сақтаған адамдар пайда көреді. Ал егер қысқа мерзімге сақтаймын десеңіз, оған ауқымды талдау қажет. Меніңше осы жылда доллардың бағамы қайта қалпына келмейді. Доллар 532-540 аралығында қалады деп ойлаймын. Сол себепті қысқа мерзімде теңгені долларға айырбастау тиімсіз болуы мүмкін, алайда ұзақ уақыт доллар мен еурода ұсталса, пайда көресіз. Ол дегеніміз 2-3 жыл аралығы. Мәселен сіз үй сатып алуға жинап жүрсіз делік. Демек сізге долларда сақтаған дұрыс - деп түсіндірді Демесінов.
Экономист Ұлттық банк теңгеге қалай әсер ете алатынын айтты.
Ұлттық банк теңгені тек валюталық интервенция арқылы реттей алады. Яғни Ұлттық қордағы жинақталған Алтын валюта қорларын сата бастауы мүмкін. Сол кезде теңгенің құны тұрақтана түседі. Бірақ бұлай валюталық интервенция жасай беретін болса, Алтын валюта қоры азайып кетеді. Демек Ұлттық қордағы жинақталған қаржы да азаяды деген сөз. Сондықтан Ұлттық банк интервенцияны аса сақтықпен жүргізуі керек, - деп сөзін түйіндеді сарапшы.
Экономист Бауыржан Ысқақов елімізде қабылданып жатқан шараларға қарамастан, теңгенің жағдайы сыртқы факторға тәуелді екенін айтады.
Ұлттық банк девальвациялық толқындардың алдын алу үшін осындай амалға барып отыр. Бұл жерде екінші деңгейлі банктер өздері жүргізген операциялары жөнінде есеп беруге міндеттеледі. Оның үстіне Ұлттық банкке биржадан тыс сатып алулар жөніндегі мәліметтерді ұсынады. Бұл шаралар нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Дегенмен теңгенің бағамындағы өзгерісі тұрақталып кетпейді. Қадағалау артқанымен теңгеге шаққандағы доллардың бағасы төмендемейді. Теңгенің тұрақты болуына сыртқы факторлар әсер етеді. Валюта операцияларын қадағалау - нарықтағы сатып алудың ашықтығын арттырып, манипуляцияға жол бермеуге көмектеседі. Нарықтың өзгеруіне біраз уақыт керек екенін ұмытпауымыз керек, - деді Ысқақов.
Ал Ысқақов: "Қазір доллар сатып алғанымыз дұрыс па?" деген сұраққа былай деді:
Бүгінгі таңда бір доллар 530 теңгеге жуықтады. Қазір Ұлттық банк шараларды жүргізуде және үкімет сырттан келетін импорттық өнімдерді азайтуға тырысып жатыр. Егер бұл жобалар сәтті жүргізілсе, онда теңге бағамы сөзсіз тұрақталады. Десе де теңге бағамына байланысты қатаңдатылған шаралар жоқ, сондықтан көпшілік сенбей ақшасын долларда ұстауға мәжбүр. Бұл үрдіс - қалыпты жағдайға айналып кеткен. Меніңше, кем дегенде 30 пайызын теңгемен сақтауымыз қажет. Ал қалған 30 пайыз ақшамызды доллармен және одан артылса еуромен сақтауға болады, - деп кеңес берді экономист.
Бұған дейін сарапшылар "Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерді қыспаққа алуы нәтиже бере ме?" деген сұраққа жауап берген еді.
Сонымен қатар АҚШ-тың президенті атанған Дональд Трамптың саяси ұстанымы қандай екенін жазған едік.
Ұлттық банк қазақстандықтар арасында қолма-қол ақшаға сұраныс артқанын мәлімдеді.
Бұл жаңалықтардан бөлек BAQ.KZ тілшісі сарапшыдан қазақстандық банктерде несие пайызы неге тым жоғары екенін сұраған болатын.