Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерді қыспаққа алуы нәтиже бере ме?

Бүгiн, 14:06
900
Бөлісу:
Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерді қыспаққа алуы нәтиже бере ме?
Фото: BAQ.KZ

Ұлттық банк теңгенің тұрақтылығын сақтау үшін бірқатар шара қабылдады. Кеше Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің операцияларын қадағалайтыны белгілі болды. Бұл нарыққа және теңге бағамына қалай әсер етеді? Теңге бағамы қайта күшейе ме? Қанша уақыттан кейін нәтижесін көреміз? Осы тақырып аясында BAQ.KZ тілшісі экономистердің пікірін білді.

Экономист Талғат Демесінов Ұлттық банк қадағалауды не үшін күшейту керек деген сұраққа былай деп түсінік берді:

Жалпы алдағы жылдары екінші деңгейлі банктер мен ірі компаниялардың қызметіне байланысты біраз өзгеріс болмақ. Яғни осыған дейін Жолдауда Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерді қадағалуды күшейтіп, құрылтайшыларының корпоративтік табыс салығын 20 пайыздық мөлшерден 25 пайызға көбейту ұсынылған еді. Әзірше Салық кодексі қарастырылып жатыр, нақты не өзгеретіні белгісіз. Негізі екінші деңгейлі банктер бұрыннан Ұлттық банкке есеп беріп келе жатыр. Елімізде 21 екінші деңгейлі банк бар, оның ішінде ең ірі активті "Халық банк" алып отыр. Яғни бүкіл активтердің 46 пайызы сол банктің қолында. Одан бөлек "Каспий банк", "Форте банк" және "Жусан банк" бар, - дейді экономист.

Валютаның бағамына екінші деңгейлі банктер қалай әсер етеді?

Олардан бөлек валюта бағамын алып-сатарлар, инвестициялық компаниялар және спекулятивті операциялармен айналысатындар қалыптастырады. Сондықтан да Ұлттық банк банктердің валюталық операцияларына қадағалау жүрігізіп, тәртіп орнатпақ. Демек екінші деңгейлі банктер енді шетел валютасын белгілі бір ережеге сай сатып алатын болады. Бірақ, дегенмен, теңгеге шаққандағы шетел валютасының бағамы негізінен спекулятивтік операцияларға емес, жалпы әлемдік нарықтардағы, қаржы нарықтарындағы теңгеге деген сұраныс пен ұсыныстан қалыптасады, - дейді Талғат Жұмабекұлы.

Қазақстанның шикізат көзіне тәуелді екені бұрыннан айтылып келе жатыр. Ал экономист оның ішінде мұнай маркасына да тәуелді екенімізді айтады. Сөзінше, теңгенің тұрақты болып қалуы тек спекулятивтік операцияларға байланысты емес.

Қазақстанның ЖІӨ-нің 70 пайызын табиғи байлықтар беріп отыр. Демек теңгеге мұнай-газ, түрлі-түсті металдардың бағасы әсер етеді. Әлемдік нарықтағы мұнайдың бағасы теңгенің долларға және еуроға шаққандағы курсына тікелей әсерін тигізеді. Қазіргі уақытта WTI атты мұнайдың бағасы 15 қаңтардан бері 81-82 долларға өскен, ал қазақстандық мұнай WTI немесе басқа да танымал мұнай маркасына жатпайды. Қазақстан мұнайының маркасы Urals нарығындағы құны 76-77 доллар маңайында болады, - дейді Талғат Демесінов.

Сарапшының айтуынша, егер мұнайдың бағасы тұрақты өссе, теңгенің де бағамы тұрақталады.

Мұнайдың бағасы төмендесе, долларға деген сұраныс артады. Салдарынан Қазақстандағы мұнай экспорттаушы компаниялардың табысы азайып, долларға деген сұранысы арта түседі. Доллардың теңгеге шаққандағы курсы жоғарылап, теңге құнсызданады, - деді ол.

Тағы бір экономист, әрі R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғанов Ұлттық банктің бұл әрекеті қысқамерзімді ғана нәтиже береді дейді. Оның сөзінше, ұлттық валютаны қолдан реттеуге болмайды.

Меніңше валютаға бақылау жасау өте дұрыс қадам. Негізі бұл жерде аса қатты шектеулер жоқ. Егер кәсіпкер шетел валютасын сатып алғысы келсе және оның қандай да екінші тараппен келісішарттары болса, онда оған ешқандай шектеу болмайды. Мемлекет тек сол арадағы спекуляцияға жол бермеуді көздейді. Демек теңге әлсіреген кезде доллар сатып алуға тырысатындардың саны азаяды. Егер көптеп доллар сатып алғысы келсе, кәсіпкер арнайы келісімшарттар арқылы дәледеуі керек. Мұндағы мақсат – теңгені нығайту. Бұл шара жалғасса, теңгеге түсетін салмақ азайып, позициясы нығаяды. Алайда егер бұл амалымыз ұзақмерзімді болса, түбі жақсы емес. Жалпы екінші деңгейлі банктерді бақылау қысқамерзімді шара деп білемін. Валютаны нарық реттеуі қажет. Дамыған елдерде ұлттық валютаны қолдан реттемейді, олар үшін бұл оғаш дүние, - дейді Байғанов.

Кеше сарапшы Айбар Олжаеав Ұлттық банк қатаң валюталық режимге ауысқанын жазды.

Себебі теңге айналысындағы спекуляциялар көбейіп барады. Бүгін қадағалаушы валюталық операциялар бойынша есептілікті ұсыну мәселелері бойынша қаулы жобасына өзгерістер енгізу туралы мәлімдеді. Бұл нені білдіреді? Енді банктер клиенттерінің валюталық операциялары бойынша есебін тез арада беріп отырады. Ұлттық банк оперативті түрде кімнің және қалай валюта айырбастап жатқанын көреді және осы картинаға сай теңге тұрақтылығын сақтау бойынша жедел шаралар атқара алады. Бір сөзбен айтқанда Ұлттық банк күн сайын биржадан тыс нарықта қанша валюта сатылды және сатып алынғанын толық көріп отырады. Себебі Қазақстан қор биржасынан да тыс нарық бар - ол банктердің онлайн банкинг және касса арқылы валютаны алып-сатуы және валюта айырбастау бекеттеріндегі операциялар. Ал ол кішкентай нарық емес, - дейді ол.

Олжаевтың сөзінше, бақылау арқылы Ұлттық банк теңгеге қатысты спекуляциялық пузырьді бірден анықтай алмақ.

Сонымен қатар, сарапшы теңгенің әлсіреп жатқанын айтады.

Соңғы уақытта теңге бағамы фундаменталды негізден мүлде алшақтап, спекулятивті көңіл-күйге еріп кеткенін байқадық. Теңге курсы базалық ставканың жоғарғы режимі мен мұнай бағасының 2025 жылдың басынан бері кәдімгідей өсуіне қарамастан әлсіреуде. Шынайы нарық жағдайында бұлай болмауға тиіс еді. Жаңа жылдың алғашқы 6 жұмыс күнінде биржадағы сауда көлемі 1,2 миллиард долларға жеткен. Бұл тым аномалды көлем. Ресейге салынған энергетикалық санкциялар валюта нарығындағы ойыншылардың паникасын тудырғанын көріп отырмыз. Дәл осы кезде спекулянттар да ажиотаждан пайда табуға ұмтыла бастады. Биржадан тыс валюталық нарықты бақылауға алудан басқа, Ұлттық Банк валюта айырбастау бекеттері үшін алу-сату спредін қысқартты. Мысалы, бекеттерде долларды сатып алу мен сату арасындағы айырмашылық 7 теңгеден аспауы керек. Осы арқылы бекеттер тарапынан жасалатын негізсіз спекуляцияға тоқтау салынады. Онымен бірге, 50 мың доллардан астам валютаны сатып алу үшін заңды тұлғалар оны негіздей алатын құжат (импорттық операциялар, келісімдер бойынша шарт, т.б.) ұсынуға тиіс. Бұл да заңды тұлғалар кеңістігіндегі негізсіз ажиотажға тұсау бола алады, - дейді экономист.

Олжаев "ең қате қадам қазір доллар алу" дейді.

Монетарлы билік бәрін көріп отыр. Режим қатаңдатылғаннан кейін, жақын арада теңге курсы да сабасына түсуі тиіс. Ең қате қадам – дәл қазір доллар алу. Себебі қадағалаушының шаралары жақын уақытта өз әсерін бере бастайды, - деп сөзін түйіндеді ол.

Осыған дейін Ұлттық банк қазақстандықтар арасында қолма-қол ақшаға сұраныс артқанын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ BAQ.KZ тілшісі сарапшыдан қазақстандық банктерде несие пайызы неге тым жоғары екенін сұраған болатын.

Өзгелердің жаңалығы