Қазақстан Ұлттық банкі жаңа «Сақ стилі» сериясының банкноталары бірнеше жыл ішінде біртіндеп айналымға шығатынын еске салады. Алайда, ескі және жаңа банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі белгіленеді. Бұл стандартты түрде – 1 жыл, бірақ Ұлттық Банк бұл мерзімді ұзартуға құқылы. Бұл туралы BAQ.KZ Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Айналымда параллель жүретін кезең аяқталған соң барлық банк пен Қазпошта ескі үлгідегі банкноталарды тағы 3 жыл ішінде жаңа үлгідегі банкноталарға айырбастайтын болады. Ал Ұлттық банктің филиалдары ескі үлгідегі банкноталарды мерзімсіз қабылдай береді! – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, «Сақ стилі» жаңа сериясымен жаңартылған номиналы 5 000 теңгелік банкноталар айналымға 2023 жылы 25 желтоқсанда шығарылды. Ал 2024 жылдың жаз мезгілінде номиналы 10 000 теңгелік банкноталар шыға бастайды.
Номиналы 5 000 теңгелік банкноталар 2024 жылдың наурыз айында жаппай айналымға түседі, себебі тиісті жабдықтарды (банкомат, терминал және т. б.) бейімдеп, елдің барлық өңіріне жеткізу үшін белгілі бір уақыт қажет.
Жалпы, осы серия аясында 2025 жылдың соңына дейін жаңа сериядағы банкноталардың барлық номиналдарын айналымға кезең-кезеңімен шығару жоспарланып отыр.