Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық банк қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ел аумағында қолма-қол шетел валютасын айырбастау операцияларын тек екінші деңгейлі банктер мен өздеріне берілген лицензия негізінде банктік емес айырбастау пунктері ғана жүргізуге құқылы екенін хабарлайды.
Қолма-қол валюталарды жоғарыда көрсетілген валюта айырбастау пунктері арқылы айырбастау – қаржы қызметін пайдаланушылар құқығының қорғалуын қамтамасыз етеді. Жұмыс істеп тұрған банктік емес айырбастау пунктерінің мекен-жайы мен қосымша ақпараттарды ҚҰБ-тың сайтынан алуға болады.
Сондай-ақ, ҚҰБ тиісті лицензиясыз айырбастау операцияларын жүргізу заңсыз кәсіпкерлік түріне жататындығын, ол үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 155, 463-баптарымен және Қылмыстық кодексінің 214-бабымен әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Заңсыз делдалдар, оның ішінде интернет алаңдары мен әлеуметтік желілер арқылы айырбастау операцияларын жүргізуді ұсыну – заңсыз саналады және жалған монета жасаушылармен мәміле жасау қаупін тудырады.
ҚҰБ мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ішкі қолма-қол шетел валютасы нарығындағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.
Қазіргі уақытта елде валюта айырбастаудың, сол сияқты төлем карточкаларын пайдалану, онлайн-банкинг секілді балама түрлері де қарастырылған, олар әлдеқайда қолжетімді әрі 24/7 режимінде қауіпсіз қызмет көрсетеді.
Еске сала кетейік, қаржылық тұрақтылыққа төнер қауіп-қатердің алдын алу және спекулятивті қысымды төмендету мақсатында 2022 жылдың 14 наурызында «Қазақстан Республикасында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары туралы» Қазақстан Республкасы Президентінің Жарлығы қабылданған болатын.
Қазіргі таңда қолма-қол шетел валютасымен қамтамасыз ету мәселесі тұрақталды, тұрғындар тарапынан сұранысқа қатысты дүрлігу байқалмайды.
Ел ішінде ішкі валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпалдасу мақсатында ҚҰБ екініші деңгейлі банктерді қажеттілігіне қарай қолма-қол шетел валютасымен қамсыздандырып отыр.