Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Ұлттық банк 2021 жылғы қарашада Ұлттық төлем жүйесінің компоненттері – карточкалық транзакцияларды өңдеу үшін Төлем карточкаларының банкаралық жүйесін және мобильді онлайн төлемдерге қызмет көрсету үшін Лездік төлемдер жүйесін пилоттық режимде іске қосты, - деді Пірматов.
Оның айтуынша, Ұлттық төлем жүйесінің жұмыс істеуіне қажетті нормативтік-құқықтық база әзірленді, оны толық көлемде іске қосу осы жылғы 1 шілдеде күтілуде.
2021 жылы Ұлттық банк Цифрлық теңгені енгізу жөніндегі пилоттық жобаға бастамашылық жасады. Қазіргі уақытта платформаның прототипін әзірлеу аяқталды, 2021 жылғы желтоқсанда пилоттық жобаның нәтижелері бойынша қорытынды баяндама жарияланды.Биыл пайда мен шығыстарды бағалай отырып, цифрлық теңгені енгізу моделі бойынша қорытынды шешім әзірленетін болады, - деді Ғалымжан Пірматов.