Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Ұлттық Банкі төлем карточкаларының банкаралық жүйесін (бұдан әрі – ТКБЖ) өнеркәсіптік пайдалануға қосқанын хабарлады.
Бұл жүйе Қазақстан аумағында төлем карточкалары арқылы жасалатын банкаралық транзакцияларды өңдеуге арналған.
ТКБЖ-ны құру және оны іске қосу – төлем карточкалары нарығының қауіпсіздігін және үздіксіз жұмыс істеуін, қазақстандық банктер үшін ішкі есеп айырысулардың кепілдігін қамтамасыз етеді.
Жүйені әзірлеу Visa, Mastercard және UnionPay халықаралық төлем жүйелерімен (бұдан әрі – ХТЖ) және төлем карточкаларының нарығына қатысушы банктермен өзара тығыз байланыста жүзеге асырылды.
ТКБЖ-ны құру аясында жергілікті карточкалық инфрақұрылым жасалып, тиісті нормативтік құқықтық база қалыптастырылды. Сонымен бірге қазақстандық банктер эмиссиялаған төлем карточкалары бойынша жергілікті операцияларды өңдеуді ұйымдастыру бойынша ХТЖ-мен келісімдер жасалды.
Қазіргі уақытта ТКБЖ-ға төлем карточкаларымен қызмет көрсететін банктер қосылған. Банктердің жергілікті карточкалық транзакцияларының трафигін аудару, оның ішінде банк жүйелерін бейімдеу және халықаралық төлем жүйелерімен өзара іс-қимыл процестерін қайта баптау бойынша қажетті жұмыстар жүргізілді.
ТКБЖ операторы – «ҚРҰБ Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» РМК – Қазақстан Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы.