Қарашада Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ, сондай-ақ БЖЗҚ мен сенімгерлік басқарудағы басқа да қорлардың зейнетақы активтері үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша операциялар жүргізбеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтемем жасап.
Орталық банк өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, қарашаның қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 468,90 теңгеге дейін 0,14%-ға әлсіреді.
Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа бір күндік көлемі бір айда 121-ден 132 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,9 млрд АҚШ долларын құрады. Мұнай бағасы төмендегеніне қарамастан, валюта нарығы сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан, көбіне, "тоқсандық салық аптасы" факторы есебінен теңгерілді, – делінген ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарламасында.
Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімін сатуы өткен айдың ішінде шамамен 500 млн АҚШ долларына тең болды. Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығында сатуды екінші деңгейлі банктер арқылы дербес жүзеге асырады.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сату қарашада 70 млн АҚШ долларына тең болды. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінен 2,4% және бір күнде кемінде 10 млн АҚШ доллары болды. Ұлттық Қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде Ұлттық банк нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды, бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді, – делінген Ұлттық банктің баспасөз қызметі мәліметінде.
Банк өкілдеріеің сөзінше, бұл тәжірибе Ұлттық Қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.