Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер 2023 жылы 649 100 теңгеге пара-пар 181 жалған ақша белгісін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның 179-ы – банкнота, екеуі – монета. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 53,7%-ға аз (1 237 250 теңгеге парапар 391 жалған ақша белгісі).
Жалған ақша белгілерінің номиналдарына жасалған талдау жұмыстарынан мына банкноталардың қолдан көп жасалатыны белгілі болды: 5000 теңге – 68 дана (жалпы анықталған жалған ақша санының 37,6%-ы), 2 000 теңге – 58 дана (32%).
Қолдан жасалған ақшалардың көп мөлшері Алматы қаласы мен Алматы облысында анықталды – 124 дана немесе жалпы санының 68,5%-ы. Қалған өңірлерде 57 дана немесе жалпы санының 31,5%-ы.
Қазақстанда жалған банкноталар көбіне компьютерлік техниканы, қарапайым түрлі түсті принтер мен офсеттік қағаздарды қолдану арқылы жасалады. Ақшаны қолдан жасаушылар визуалды қорғаныш элементтерін мейілінше ұқсатып жасауға тырысады.