Ұлттық банк қаңтарда жылдық инфляция еліміздің көп аймағында бәсеңдегенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қаңтарда елде жылдық инфляция 9,5%-ды құрап (2023 жылғы желтоқсанда – 9,8%), бәсеңдей түсті. Дегенмен, 15 өңірде жылдық инфляция баяуласа, 3 аймақта қарқын алып, 2 өңірде өзгеріссіз қалды.
Жылдық инфляцияның айтарлықтай жоғары мәні Қарағанды, Маңғыстау, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді, - делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада.
Қаңтарда азық-түлік бағасы 8,2%-ға дейін (2023 жылғы желтоқсанда – 8,5%) баяулады. Осы топтағы тауарлар бағасының максималды өсімі Ұлытау облысында (11,3%), ал минималды өсім Шымкент қаласында (5,9%) тіркелді.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 8,6%-ға дейін бәсеңдеді (2023 жылғы желтоқсанда – 9,1%). Ең жоғары мән Маңғыстау облысында (12,9%), ең төмен мән Ақтөбе облысында (7,1%) расталды.
Қаңтарда ақылы көрсетілетін қызмет бағасы 12,3%-ға дейін бәсеңдеді (2023 жылғы желтоқсанда – 12,4%). Сонымен бірге, Түркістан облысында (17,3%) баға жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары, Қызылорда облысында (9,5%) айтарлықтай төмен өсті.
Жыл басында ел бойынша айлық инфляция 0,8%-ға өсті, бұл тарихи орташа мәннен жоғары (2017-2021 жылдардағы қаңтарда – 0,6%).