Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,75% деңгейінде сақтап қалды

12 Сәуір 2024, 12:25
438
Бөлісу:
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,75% деңгейінде сақтап қалды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - Архив

Ұлттық Банк Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені дәлізімен жылдық 14,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақпанда және наурызда жылдық инфляция төмендеу үрдісін жалғастырды. Алайда, ол баяу қарқынмен төмендеді.

Инфляциялық күтулер біршама әлсіреді. Бірақ, мейлінше, жоғары деңгейде қалды. Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап түрде қалыптасып отыр. Әлемдік нарықтарда астық бағасы төмендеп келеді. Ішкі экономикада орнықты ішкі сұранысқа және тұрақтанбаған инфляциялық күтулерге байланысты инфляциялық қысым сақталып отыр. Инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет. Қазіргі жағдайда ақша-кредит саясатын жеңілдетуге арналған кеңістік әлі де шектеулі. Оның қалыптасуы инфляцияның орнықты бөлігінің тұрақты түрде баяулауына байлынысты, - деп хабарлады Ұлттық банк баспасөз қызметі.

Жылдық инфляция 2024 жылдың наурыз айында 9,1%-ға дейін баяулап, болжамды траекториядан біршама жоғары қалыптасты.

Ауытқу құбылысы тұрғын үй-коммуналдық қызметтер (ТКҚ) бағасының мейлінше тез өсу әсерінен орын алып отыр. Ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен астықтың әлемдік бағасының төмендеуі – инфляцияның төмендеуіне септігін тигізуде. Айлық инфляция алдыңғы айдағы күрт өсуден (1,1%) кейін наурызда 0,7%-ға дейін баяулады. Бірақ орташа тарихи мәндерінен жоғары (0,6%) қалыптасты. Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция көрсеткіштері ұқсас динамиканы көрсетіп отыр. Яғни ақпан айында күрт үдеуден кейін наурыз айында айтарлықтай төмендеді. Халықтың инфляциялық күтулері біршама төмендеді. Алайда, күтулер әлі де жоғары деңгейде. Бұл негізінен тамақ өнімдері, ТКҚ мен жанар-жағармай (ЖЖМ) бағасының өсуіне байланысты, - деді ведомство.

Өзгелердің жаңалығы