Ұлттық банк төрағасы оның орынбасары Берік Шолпанқұлов 7 трлн теңге туралы пікір білдіргеннен кейін қызметінен өз еркімен кеткенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, аталған банкке қатысты тексеру әлі жалғасып жатыр.
Елордада өткен брифингте журналистер Тимур Сүлейменовке оның орынбасары Берік Шолпанқұловтың жақында қызметінен кетуіне қатысты сұрақ қойды. Сондай-ақ олар бұл шешім оның бұған дейін көрші елден шетелге 7 трлн теңге «өткізілген» банк туралы айтқан пікіріне байланысты емес пе екенін сұрады.
Берік Шолпанқұлов өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазды. Яғни ол берген өтінішіне сәйкес қызметінен кетті. Бұған қосарым жоқ. Ал банкке қатысты айтсақ, біз бұрын да айтқандай, тексеру жүріп жатыр. Тексеру аяқталғаннан кейін қосымша мәлімет белгілі болады, – деді Тимур Сүлейменов.
Сүлейменовтен бұл тексеру қанша уақытқа созылуы мүмкін екені де сұралды. Ұлттық банк басшысы тексеруді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізіп жатқанын айтып, оның мерзімін тек сол мекеме ғана нақты айта алатынын жеткізді.
Журналистер сондай-ақ Шолпанқұловтың осы банк жұмысына жүргізілген алдын ала тексеру барысында заңбұзушылық анықталмағаны туралы пікірінің қаншалықты дұрыс екенін сұрады.
Мен бұл сұраққа жауап бердім: тексеру әлі аяқталмаған кезде қандай да бір нақты қорытынды туралы айтуға әлі ерте. Тексеру аяқталған соң тиісті қорытынды жасаймыз, – деп қосты Сүлейменов.
Еске салайық, Қаржы мониторингі агенттігінің кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы банктердің бірі көрші елден басқа мемлекеттерге 7 трлн теңгеден астам қаржы өткізуге көмектескенін айтқан болатын.
Кейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов көрші елден қазақстандық банк арқылы аударылды делінген 7 трлн теңге – жалпы айналым көлемі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, алдын ала тексеру барысында қандай да бір заңбұзушылық анықталмаған. Алайда арада бір күн өткен соң ол қызметінен кетті.