Ұлттық банк алтынның резервтегі үлесін 70%-ға дейін қысқартуды көздеп отыр

23 Қазан 2026, 14:09
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев 23 Қазан 2026, 14:09
23 Қазан 2026, 14:09
115
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстан Ұлттық банкі алтын-валюта резервтеріндегі алтынның үлесін әртараптандыруды жоспарлап отыр. Қазір резерв құрамындағы алтынның үлесі 80%-ға жуықтаған. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, алтын бағасының құбылмалылығы резервтерді тек осы активке сүйеніп қалыптастырудың тәуекелін арттырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Брифингте журналистер Қазақстанның алтынды ірі көлемде сатып алатын елдердің бірі екенін айтып, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтеріндегі алтын үлесін қысқарту жоспары бар-жоғын сұрады.

Тимур Сүлейменовтің түсіндіруінше, резервтердің басым бөлігін бір ғана активке шоғырландыру дұрыс емес. Қазіргі уақытта алтынның үлесі шамамен 80%-ға жеткен. Бұл резервтер портфелінің бір активке тәуелділігін күшейтеді.

80% дегеніміз – монопортфель. Егер алтынның бағасы өзгерсе, бүкіл портфельдің құны да өзгереді. Соңғы айларда алтын бағасының құбылмалылығы өте жоғары болды. Бағасы 5 мыңға дейін көтеріліп, кейін 4 мыңға дейін төмендеп жатыр, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның айтуынша, алтын-валюта резервтерін қалыптастыру кезінде активтердің әртүрлі болуы маңызды. Бұл алтын бағасы құлдыраған жағдайда резервтердің жалпы құнына түсетін қысымды азайтуға мүмкіндік береді.

Алтынның үлесі 70-75%-дан төмендемейді

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банк резервтерді әртараптандыру аясында алтынның үлесін шамамен 70%-ға дейін төмендетуді көздейді. Сонымен бірге оның үлесі 70-75% деңгейінен төмендемейтінін атап өтті.

Резервтердің қалған бөлігі шетел валютасынан немесе өтімді бағалы қағаздардан тұруы мүмкін.

Біздің ұстанымымыз бойынша, алтынның үлесі 70%-дан төмендемеуі керек. Қалған бөлігі валюта немесе өтімді бағалы қағаздар түрінде болады. Өйткені бізге күнделікті операцияларды жүргізу үшін де өтімділік қажет, – деді ол.

Ұлттық банк төрағасы резервтерді басқаруда алтынның құнын сақтайтын актив ретіндегі рөлімен қатар, күнделікті операцияларға қажетті өтімділікті қамтамасыз ету де маңызды екенін атап өтті.

Тағы оқи отырыңыз: Отбасыларды санатқа бөлу несие мен ипотека алуға әсер ете ме? 

Банктер несиені қашан арзандатады? 

Наверх